Жаңалықтар

15 желтоқсан 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік наградалар және әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсіміне қатысты

Мемлекеттік хатшы ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында ел дамуына сіңірген ерекше еңбегі және жеке үлесі үшін Мемлекет басшысы тарапынан атап өтілген қазақстандықтарға мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыру игі дәстүрге айналғанын айтты.

Марапатталғандар қатарында мәдениет, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау саласы қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер, экономиканың түрлі саласының өкілдері, жұмысшылар мен ауыл еңбеккерлері бар.

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағдарының жүзеге асырылуы арқасында Қазақстан Республикасы табысты заманауи мемлекетке айналды.

Бүгінде Қазақстан жаңғыртылып жатқан жүйелі өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Еліміз жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу мақсатымен индустрияландыруды жалғастырып жатыр. Ұзақ мерзімге арналған «Қазақстан-2050» стратегиясы дәйекті түрде іске асырылуда.

Г.Әбдіқалықова биыл 115 ел және 22 халықаралық ұйым қатысқан ұлттық жоба – Халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі табысты өткізілгеніне тоқталды. Қазақстан ТМД елдер арасынан бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды.

Рәсім соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мықты денсаулық, отбасыларына бақ-береке және зор табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар