Жаңалықтар

20 қазан 2020
Заңсыз айналымнан 10 миллионнан астам бума дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар тәркіленді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары COVID-2019 пандемиясы кезінде дәрі-дәрмектерді алып-сатудың және заңсыз айналымға түсірудің жолын кесу жұмыстарын жүргізді.

Дәріханаларда медикаменттерді қымбат бағада сатуға қатысты 1 мыңға жуық дерек тіркелді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы дәріханалардың бірінде «Арбидол» дәрісінің бағасы шекті деңгейден екі есе жоғарылатылып, бекітілген  2312 теңгенің орнына 5000 теңгеден сатылған.

Сонымен қатар дәріханалардан тыс жерлерде қауіпсіздік лицензиялары мен сертификаттары жоқ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатуға қатысты 300-ден астам жағдай анықталды. Соның ішінде, Жамбыл облысында дәрі-дәрмектерге жалған қауіпсіздік сертификаты жасалған және фармацевтикалық қызметке лицензиясы жоқ құны 44 миллион теңге болатын Қырғызстаннан  әкелінген 82 препарат түрін сатуға тосқауыл қойылды.

Жалпы заңсыз айналымнан құны 230 миллион теңгеден асатын 10 миллион бума дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар тәркіленді. Анықталған заң бұзушылық деректер бойынша 3 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және 1183 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы шекті бағасын қою үшін олардың тізімін толықтыру мәселесін пысықтауда.

Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу кезінде болатын заң бұзушылықтарды анықтауға қатысты кешенді шаралар жалғасуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстық істердің тергелуі Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қатаң бақылауында.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар