Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және ол 2002 жылғы 2 сәуірдегі № 839 Жарлықпен құрылды.

Комиссияның негізгі міндеттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған, келісілген шараларды әзірлеу және қабылдау, мемлекеттік қызметшілердің жауаптылық деңгейін арттыру болып табылады. Комиссия еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске әрекет ету, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелерінде үйлестіруші орталық болып табылды.

Комиссия төрағадан, оның орынбасарларынан, хатшыдан және комиссияның өзге де мүшелерінен тұрады. Комиссияның дербес құрамын Президент бекітеді.

Комиссияның жұмыс органы Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі болып табылады.

Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі, Комиссия төрағасының шешімі бойынша ашық немесе жабық болуы мүмкін.

Комиссия  жұмысын үйлестіру кезінде 2008 жылғы қаңтардан бастап уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен сыбайлас жемқорлықтың жай-күйін бақылаудың ілкімді механизмі, лауазымды тұлғалардың жеке жауаптылығын арттырудың қосымша стимулы болуға бағытталған мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау рейтингінің жүйесі енгізілді.

Комиссия Қазақстан қоғамында сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік жағдайын қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің нәтижелерін жариялау және оның жағымды бет-бейнесін қалыптастыру бойынша  жүйелі шаралар қабылдайды.

Комиссияның қолдауымен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі - ЭЫДҰ) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбул іс-қимыл жоспарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конвенцияларға қосылу жөніндегі ұсынымдарды орындау бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда.

Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын дамытудың болашақтағы бағыттары шеңберінде Комиссия мемлекеттік органдардың назарын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз етуге, заңнаманы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты анықтау мен оған қарсы іс-қимыл жүйесін одан әрі жетілдіруге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге аударатын болады.

Комиссия қызметінің басты басымдығы Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласында қойған міндеттерін бұлжытпай іске асыру болып табылады.