Президент Н.Ә.Назарбаевтың елорданы көшірудің 10 жылдығына арналған
салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі
Құрметті халайық! Астаналықтар мен меймандар!
Әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезең – біз үшін астанамыздың Сарыарқа төріне көшірілуі екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Жаңа ғана өздеріңіз көрген киношежірені осыдан он жыл бұрын ел өмірінде болған ұлы оқиғалардың айқын куәсі деп айтуға болады.
Өткен күнде белгі жоқ, ол кезде жағдай мүлде басқаша болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі реформаларды анықтау, оларды тиянақты түрде жүзеге асыру мәселелері, біріншіден, қапысыз біліктілікті, екіншіден, нартәуекелді қажет етті.
Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, Қазақстан үшін жаңа тарихтың басталғаны, ал ол ескі тарихтың сылбыр жалғасы бола алмайтыны белгілі еді. Батыл ой, батыл әрекет қажет болды.
Міне, осы тұста өзімнің көкірегімде қайнап піскен осы идеяны, ешбір кедергіге қарамастан, кейбір үзеңгілес, тілектес жандардың да күдіктеріне қарамастан аяғына дейін қорғап шыққанымды сіздердің алдарыңызда бүгін мақтанышпен еске аламын.
Он жылдың ішінде Астана әлемге танылды және елімізді де әлемге танытты деп айта аламыз. Астананың көркіне не бір өркениетті елдерден келген шетелдіктер таңғалуда.
Астана – ең алдымен азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі.
Астана елімізге қайырлы да құтты қала болды.
Ендеше Астананың он жылдығы біз үшін жалпыұлттық мереке!
Мерекелеріңіз құтты болсын, ағайын!
Қымбатты достар!
Астананың он жылдық тарихы туралы басты сөздер жазда шілдеде, біз Қала күнін халықаралық деңгейде атап өткен кезде айтылатын болады. Алайда бүгін мен осынау мінберге шықпай және осынау тамаша күнде бірер сөз айтпай тұра алмадым.
Жаңа астана тұрғызу идеясы менде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап пайда болған.
Астаналарды көшіру кез келген мемлекеттің өмірінде әрдайым айрықша тарихи кезең болған.
Менің есімде, Астанаға алғаш келген Испания королі Хуан Карлос Испания үшін тәуір дерлік емес кезеңде король Екінші Филипп астананы орныққан елорда Толедодан елдің орталығына – Мадридке қалай көшіргенін айтқаны бар. Ол елде де қызу дауларсыз болмаған екен.
Жаңа астана салудың жарқын мысалы – АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтонның нұсқауы бойынша жан баласы тұрмаған жерде салынған Вашингтон. Құрама Штаттар үшін британ тәжінен азат болудың символы ретінде астананың зор саяси мәні болды.
Финляндия 19-шы ғасырдың басында астаналарын Туркуден Хельсинкиге, Норвегия – Тронхеймнен Ослоға, Үндістан Калькуттадан Делиге көшірді.
Ресейде астана ауысуының екі ретінде де зор тарихи мәні бар еді. Біздің басқа көршіміз Қытай өз тарихында астанасын алты рет көшірген. 1923 жылы Түркия астананы Ыстамбұлдан Анкараға көшірді. Ал Бразилияда 1960 жылы жаңа астана – Бразилиа салына бастады, мен онда жуырда ресми сапармен болдым. Бразилияның серпінді дамуының басталуы шамамен осы жылдарға келеді.
Немістер Германия біріккеннен кейін алғашқы атқарғандары – астаналарын Берлинге көшірді, мұның өзі герман мемлекеттілігінің сабақтастығын бейнелейді.
Біздің жас та тәуелсіз мемлекетіміздің түбегейлі мүдделері де астананы көшіруді талап етті. Осылайша 1994 жылғы шілдеде 13-ші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің отырысында мен осындай ұсыныс жасадым.
Парламенттегі қызу пікірталас есімде, бір депутаттар менің идеямды сөзсіз қолдауды ұсынса, енді біреулері біздің сол тұстағы онсыз да жүдеу қаражатымызды төгіп-шашатын уақыт емес екенін мәлімдеп, тас қорғанысқа көшті.
Бұған мен ол кезде былай деп жауап бергенмін: “Астананы көшіруге арналған қайтарымсыз шығындар тікелей көшіп баруға жұмсалатыны ғана, ал қалаға жұмсалатынның бәрі – бұл болашаққа салынған инвестициялар”.
Жалаңаш жер – бұл әлі елдің байлығы емес. Ол жер қойнауынан әлі өндірілмеген нәрсе секілді. Жер бетінде тұрғызылған нәрселер ғана елдің активі болып табылады. Олай болса біз өз Отанымызды орасан зор тұтас бір қалаға байыттық. Және оның болашағы – әлі алда.
Біз бүгінде бүкіл еліміздің игілігі болып табылатын жаңа астанаға ие болдық.
Бүгінде, астананы көшірген сәттен бар-жоғы 10 жыл өткенде қаланың халқы үш есе көбейді. 2010 жылдың өзінде-ақ халық санының 1 миллион адамға дейін көбеюі күтіліп отыр. Осынау ақиқат көрсеткіш біздің әлемдегі ең жас елордамыздың табысын бәрінен де артық қуаттайды.
Астана арқылы біз жаһандық әлемге жаңа Қазақстанды аштық. Алайда, бәрінен бұрын бұл қаланы өзіміз үшін, өз Атамекеніміз үшін жаңаша аштық.
Астананың құрылысы осынау жылдары біздің еліміздің әлеуетін танытып, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең орасан мегажобаға айналды.
Бүгінде Астана – бұл Қазақстанның жаңа тарихы жинақталған орын. Астананың мысалы арқылы біздің бүкіл мемлекетіміздің дамуы туралы пікір түюге болады.
10 жылда қаланың өңірлік жалпы өнімі 17 есе өсті! Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 20 еседен астамға ұлғайып, 400 миллиард теңгеге жетті.
Бұл өте салмақты көрсеткіштер. Елорда өсіп келеді, соңынан бүкіл Қазақстанды ертіп, ілгерілеп келеді.
Астананың халқы – Қазақстандағы ең жас халықтың бірі. Астаналықтардың орташа жасы 32 жыл. Мұнда жастар бүкіл елімізден оқу үшін де, жұмыс істеу үшін де келуде. Жас мамандар лайықты да жақсы жалақысы бар жұмысқа тұруда, сондықтан Астанадағы тұрмыс деңгейі еліміз бойынша ең жоғарылардың бірі. Неге біз бірден музыкалық білім беру мекемесі мен Еуразия университетін сала бастадық? Өйткені, бұл біздің осы қалада ұзақ мерзімге орныға бастағанымызды және оның болашағы туралы ойлайтынымызды білдіреді.
Соңғы 10 жылда қаланың бейнесі ол тұрғызыла бастаған бүкіл тарихындағыдан көп өзгерді.
Әсіресе Есілдің сол жағалауындағы қаланың жаңа орталығы тәнті етеді, оның қала түзушілік идеясын бүкіл әлемге танымал белгілі архитектор Кисе Курокава және басқа сәулетшілер айрықша шабытпен әзірлеген болатын.
Оның аса маңызды қағидаты – бір тұрпатты, бір-біріне ұқсайтын ғимараттар болмауы керек. Ендігі бір қағидат мынада: Астана – бұл еуразиялық қала, ол әлемнің барлық тараптарының – Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдениеттерінің жай қосындысымен емес, солардың үйлесімімен, кірігуімен ерекшеленеді. Бұл күрделі, бірақ та нақты іске асатын міндет еді.
Астана көз алдымызда өсіп, құлпырып келеді, ол ең болмағанда бір рет көргендерді таңдандырып, өзіне ынтық етеді.
Кезекте Хан-шатыры, “Астана – жабық қала” және “Абу-Даби Плаза” кешендері секілді алып жаңа жобалар тұр. Көп кешікпей 3500 орындық киноконцерт залы пайдалануға беріледі. Біз жазда нақ сонда астананың 10 жылдығын атап өтеміз деген үміттемін.
Біздің ауа райы жағдайларын ескере отырып, 30 мың орындық жабық стадион салудамыз, ол да 6 шілдеде пайдануға беріледі.
10 мың орынға арналған велотрек, жедел медициналық жәрдем ҒЗИ-і, кардиологиялық және нейрохирургиялық республикалық ғылыми орталықтары, диагностикалық орталық салынуда. Мұның бәрі келесі жылы пайдалануға берілетін болады.
Елордада әлемдік стандарттар деңгейіндегі ғылыми ағартушылық орталық салынып, қуатты медициналық кластер ұйымдастырылады. Индустриялық парк құрылысы жүргізілуде, ол осы заманғы жоғары технологиялық өндірісті де қамтиды.
Астана бүгінде сәулетімен ғана дараланып қоймай, бау-бақшалы қалаға айнала түсуде. Елу мың гектар Астана төңірегіндегі орман соңғы шек емес. Біз Бурабай өңірін Астанамен орман арқылы жалғастыруды жоспарлаудамыз. Бар-жоғы 50 шақырым қалды. Бұл жасыл белдеу қаланы жазғы аңызақ жел мен қысқы борандардан қорғайтын болады. Осының арқасында біздің қалада климат өзгерді. Алайда бәрінен бұрын ол біздің сезімдеріміздің арқасында өзгерді деп ойлаймын. Астана орасан зор дала өлкесінің кіндігіндегі жасыл оазиске, экологиялық жағынан таза мегополистің өнегесіне айналады.
Астананың миссиясы мынада: бүкіл еуразиялық кеңістікте үлгілі елордаға айналу үшін Қазақстанның тұрлаулы дамуының жеделдеткіші болуы керек.
Елорданың құрылысы – бүкіл халықтың, бүкіл мемлекеттің ісі.
Мен Астана көп кешікпей әлемнің ең тартымды және бәсекеге қабілетті елордаларының қатарына кіретініне сенімдімін.
Қымбатты достар!
Жаңа елорда – біздің Отанымыз үшін біздің сүйікті Қазақстанымыздың жаңа болашағының жарқын да ізгі бет ашары болды.
Осында Сарыарқаның байырғы жерінде ел болашағының жай астанасы ғана емес, бесігі дүниеге келді. Астананың тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Егер біздің тарихымызда Астана болмаған болса, біздің Қазақстан дәл бүгінгідей болмас еді.
Тәуелсіздік Астананы өмірге келтірді. Өз кезегінде Астана біздің Тәуелсіздігімізді қуаттап, дамыта түсуде.
Астана жарқын, қуатты да өркенді, барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай ұмтылған қалаға айналды.
Астана біздің Отанымыздың жүрегіне, халықты біріктірген ұлттық идеяға айналды, ол халықтың өз күші мен ұлы мақсаттарына деген сенімінің символына айналды.
Бүгінде бүкіл Қазақстандағы секілді Астанада жүзден астам ұлыстардың өкілдері тұрып жатыр. Бұл күн сайын қоныс тойы, күн сайын мереке, үйлену тойлары болып жататын қала. Ондаған мың қоныс тойлары, жаңа отбасылар мен жаңа тағдырлар қаласы.
Халықтар достығы, өзара түсіністік пен ынтымақтастық – міне, біз Астананы және жаңа Қазақстанды тұрғызып жатқан негіз осы.
Қадірлі қауым!
Ардақты отандастар!
Тастақ жерде ешбір өсімдік тамыр жая алмайтыны тәрізді, тақыр жерден де ешқашан тарих жасауға болмайды. Қай дәуірде де тарихтың іргетасы – халық болып жұмылған қажырлы еңбектің арқасында ғана қаланып келгені өздеріңізге мәлім.
Бүгін мен осынау жылдар ішінде маған қолдау көрсетіп, тарихи бастаманың баянды болуына күш салған баршаңызға алғыс сезімімді айтқым келеді. Халқымыздың ғасырлар тоғысындағы ұлы көшінің басы-қасында болып, мемлекеттік органдардың елордаға көшірілуіне, қала құрылысына қарқын беріп, оның өркендеуіне айтулы үлес қосқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін.
Өз еңбектерімен елордамыздың еңсесін биіктетіп келе жатқан астаналықтарға, халқымыздың жарқын болашағы үшін тер төгіп жүрген барша отандастарыма үлкен рахмет.
Баршаңызды елордамыздың бүгінгі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі – Астанамыз асқақтай берсін!