Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңестік орган ретінде құрылған болатын.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында айтты.
Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 15-жылдық даму жолында институционалдық тұрғыда нығайып, ұйыстырушы және зияткерлік әл-ауқатын жетілдірді, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
2008 жылғы 20 қазанда ел Президентімен Қазақстан халқы Ассамблеясын еліміздің саяси жүйесінің теңқұқылы қатысушысы ретінде құқықтық бекітіп, оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздерін айқындаған, әлемде баламасы жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойылды.
Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесін, оны қалыптастыру мен жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындады.
Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы ол – заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.
Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірдейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.
Ассамблеяның негізгі міндеттері:
1) этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
2) халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту;
3) қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу;
4) азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру;
5) Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету;
6) Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті: Ассамблеяны құрады және қайта ұйымдастырады; Ассамблея қызметінің бағыттарын айқындайды; Ассамблея басшылығының лауазымды адамдарын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; Ассамблея Сессиясын шақырады; Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі.
Ассамблеяның құрылымын Ассамблея Сессиясы, Ассамблея Кеңесі, Ассамблея Хатшылығы, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары құрайды.
Ассамблея Сессиясы – Ассамблея мүшелерінің жиналысы Ассамблеяның жоғары басқарушы органы болып табылады. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады. Кезекті Сессияны шақыру туралы өкім кезекті Сессияның еткізілетін күні, орны жене күн тәртібі көрсетіліп, ол басталғанға дейін отыз күннен кешіктірілмей қабылданады, бұл туралы ресми бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады. Кезектен тыс Сессия Ассамблея Төрағасының, Ассамблея Кеңесінің бастамасы бойынша немесе Ассамблея мүшелері жалпы санының кемінде үштен бірінің өтініші бойынша шақырылады жене оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі.
Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылатын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіретін оның Хатшылығы Ассамблеяның жұмыс органы болып табылады.
Ассамблеяның және облыстар (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеяларының құрамы - этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерінің, мемлекеттік органдар өкілдерінің және олардың қоғамдағы беделі ескеріле отырып Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан қалыптастырылады. Қазіргі уақытта Ассамблеясының құрамында 382 мүше бар.
Ассамблеяға мүшелікке кандидатуралар облыстардың этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктерінің ұсыныстары негізінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары сессияларының шешімі бойынша, сондай ақ республикалық, өңірлік этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің жоғары органдарының шешімі бойынша ұсынылады.
Бұл ерекше институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен сындарлы дамыту мақсатына айтулы үлес қосты.
Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.
Ассамблея өзінің он бес жылдық тарихында 15 сессия өткізіп, аталған шараларда қоғам өміріндегі маңызды мәселелер мен мемлекет дамуындағы негізгі бағыттар талқыланды.
Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық.
15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Осымен қатар, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, кәріс және неміс театрлары жұмыс істейді.
Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой дәстүрге айналды.
Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етуде.