А. Күрішбаев Президенттің алдында биылғы жылғы егін орағына әзірлік барысы туралы есеп берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысын еліміздің аграрлық секторының аса өзекті мәселелері бойынша хабардар етті. Биыл Қазақстанда егін түсімі 14-15 миллион тонна астық шамасында болады деп күтілуде. Бұл республикадағы ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда егін алқаптары күздік және жаздық дақылдарды қоса есептегенде 16,7 миллион гектарды құрайды. Астық жинау Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қазірдің өзінде басталып кеткен. Тамыздың 2-індегі жағдай бойынша 450 гектар алқаптың астығы жиналып алынды. Қазақстан көлемінде таза салмақтағы орташа астық шығымы әр гектарға 9,4 центнерден келеді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін егін орағы жұмыстарына 408 мың тонна дизель отыны даярланып қойған, мұндағы дизель отынының түпкілікті бағасы операторлардың қызметін қоса есептегенде, литріне 62 теңгеден белгіленді. Барлық жерде астық қабылдаушы кәсіпорындарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл кәсіпорындардағы шамадан тыс жүктеме мәселесін шешу мақсатында, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясы аясында солтүстік және шығыс аймақтардың қоймаларын толтырып тұрған 400 мың тоннаға дейінгі астықты басқа облыстардың элеваторларына орналастыру туралы шешім қабылданды. Егін оратын техникалардың 90 пайызға жуығы дайын тұр. Республикалық бюджеттен бөлінген 80 миллиард теңге сомасындағы несие есебінен «ҚазАгроның» еншілес ұйымдары арқылы ауыл шарушылығы тауар өндірушілері 42,5 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Көктемгі егіншілік және күзгі ору жұмыстарын мемлекеттік қаржыландырудың жалпы сомасы 96 миллиард теңгеден асады.
Кеңес барысында Президент егін орағы науқанының проблемалы мәселелеріне баса назар аударды. Шілденің соңындағы жағдай бойынша, ел аумағын тұтастай алғанда 13,9 миллион гектар немесе дәнді-дақылдардың 83,1 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болды. Қуаңшылық пен аптап ыстық ауа райының салдарынан негізінен Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы дәнді-дақылдар егістігінің біраз бөлігі зардап шекті. Мемлекет басшысы соның өзінде ылғалсақтау технологиясын енгізген, егіске сапалы тұқым пайдаланған, агротехникалық шараларды мерзімінде атқарып, егу және ору жұмыстарын уақытында қолға алған шаруашылықтардың ұтып отырғанын атап өтті.
– Егін орағы барлық жерде ерте басталады. Астық жылдам пісуде. Сондықтан алдын-ала қамдану керек. Жанар-жағармаймен және техникамен қамтамасыз ету қажет. Бұл барлық облыстарға қатысты. Бұл барлық әкімдер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің міндеті. Мемлекет ең алдымен, өздері тырбанып еңбек етіп жатқандарға көмектесетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Ағымдағы күрделі жағдайға қарамастан, 2010-2011 маркетингтік жылдың экспорттық әлеуеті 8 миллион тоннаны құрайды. Қалыптасып отырған жағдай қазақстандық ұн тартушылардың шетел нарығын жаулап алуына тамаша мүмкіндік болуы мүмкін. Осыған байланысты Президент Үкіметке астық экспортының жалпы көлеміндегі ұн экспорты және оның қайта өңделген өнімдері үлесін арттыруға байланысты шаралар қабылдауға нұсқау берді.
Кеңес қорытындысы бойынша Президент Нұрсұлтан Назарбаев нан мен ұн бағасының ішкі нарықтағы тұрақтылығын қамтамасыз етуге және оның күрт көтерілуіне жол бермеуге тапсырма берді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы құрғақшылықтан неғұрлым көп зардап шеккен аймақтардағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржылық жағдайына талдау жасауға, оларға қолдау көрсету шараларын қабылдауға, мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етуге, жем дайындауға арналған жанар-жағармайдың жеткізілімін қадағалауға және алдағы егіс маусымына қажетті тұқым қорын қамтамасыз етуге тапсырма берді.