Кеңеске Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов, Бас прокурор Қайрат Мәми, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов қатысты.
Кеңесті ашқан Елбасы құқық қорғау жүйесін реформалау міндеті өзінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында баяндалғанын аттап өтті.
Аталған Жолдауда Қазақстан құқық қорғау жүйесін реформалаудың бірқатар бағыттары, атап айтқанда, құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік орган үшін айқын құзіреттер белгілеп беру, заңдарды ізгілендіру мен олардың сапасын арттыру жайы айтылған болатын. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке құқық қорғау жүйесін реформалау туралы заң жобасын халықаралық талаптарға жауап бере алатындай етіп әзірлеп, биылғы жылы Парламентке енгізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы қоғамды қылмыссыздандыру мәселесіне баса назар аудару қажет екенін айтты. Заңдар барынша ізгіленген болуы қажет, ал бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды кей жағдайда ірі көлемде айып салу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту секілді балама шаралармен ауыстыруға болар еді. Сонымен қатар, жазасын өтеу орындарынан босатылғандардың қайтадан қылмысқа ұрынбауын қадағалап, оларды бейімдеумен айналасу да маңызды болмақ.
– Құқық қорғау ведомстволарының бірін-бірі қайталауын болдырмай, олардың жұмысын тиімді ету, әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, бұрынғы кеңестік жүйенің келеңсіз мұраларынан арылу қажет. Біз өткен жылдарда көп іс атқардық. Мұны барлық әлемдік сарапшылар айтып отыр. Енді осы реформаны атқару қалды. Біз өз азаматтарымыздың құқықтары жақсы қорғалғанын, кәсіпкерлердің қорғалғанын, құқық қорғау жүйесінің өзіндегі сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылғанын қалаймыз. Жауапкершілікті күшейту маңызды және бұл органдардың әрқайсысы өз ісімен айналысатындай ету керек, – деді Президент.
Кеңесте Премьер-министр К. Мәсімов сөз сөйледі. Үкімет басшысы Президент Жолдауында айтылған әрбір бағыт бойынша құрылған комиссиялардың жұмысы туралы, елдің құқық қорғау жүйесіндегі реформа жүргізудің құқықтық базасын жасауды көздейтін заң шығару ісінен хабардар етті.
Кеңес қорытындысында Президент бірқатар нақты тапсырмалар берді.