Қ.Саудабаев: «Комиссия жұмысының нәтижелері, оның қызметі Елбасымыздың ядролық қауіпті төмендету және ядролық қаруды таратпауда әлемдік үдерістегі көшбасшылығының танымалдығын нығайтуға және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлін одан әрі арттыруға маңызды екпін берді», - деп атап өтті.
Комиссияның белсенді қатысуымен бірқатар халықаралық жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі - халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болған БН-350 реакторының (Ақтау қ.) пайдаланылған ядролық отынын тасымалдау.
2010 жылғы сәуірде Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке АҚШ Президенті Б.Обаманың шақыруы бойынша Президент Н.Ә. Назарбаевтың қатысуы маңызды мәнге ие. Семей полигонының жабылуының жиырма жылдығына орай Астана және Семей қалаларында «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы, сонымен қатар шетелде бірқатар іс-шаралар өткізілді. Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі арасында жемісті ынтымақтастық қамтамасыз етілуде.
Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің, ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың комиссияның өткен отырыстарындағы хаттамалық тапсырмаларды орындау барысы жөніндегі есептері тындалды.
Комиссияның қорытынды отырысының нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға 2012 жылғы наурызда Сеул қаласында өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Қазақстанның лайықты қатысуына дайындығына арналған және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау режимін одан әрі нығайтуға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.