Бөлімдер

Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы


Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132 Конституциялық заңы


1-бөлiм. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР


1-бап. Сот билiгi


1. Қазақстан Республикасында сот билiгi тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық сот iсiн жүргiзуге тартылған алқа заседательдерi арқылы соттарға ғана тиесiлi.

Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады.

Соттың ерекше өкiлеттiгiн басқа органдарға берудi көздейтiн заң актiлерiн шығаруға тыйым салады.

Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкiлеттiгiн немесе сот билiгi функцияларын иеленуге құқығы жоқ.

Сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.

2. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етедi.

Әркiмге мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез келген заңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледi.

Ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды.

Сот билiгi азаматтық, қылмыстық және заңда белгiленген өзге де сот iсiн жүргiзу нысандары арқылы жүзеге асырылады.

3. Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi.

Соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты iстер бойынша есеп бермейдi. Сот iсiн жүргiзудiң белгiленген тәртiбiне қарамастан берiлген сот iстерi бойынша, сондай-ақ соттың құзыретiне кiрмейтiн мәселелер бойынша өтiнiштердi сот қараусыз қалдырады немесе тиiстi органдарға жiбередi.

Сотқа немесе судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiру заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Сот актiлерi мен судьялардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiндегi талаптарын барлық мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi. Сот актiлерi мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.

Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


2-бап. Мемлекеттiк билiктiң нышандары


1. Соттар ғимараттарына және сот отырысы залдарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы орнатылады және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының бейнесi қойылады.

2. Судьялар сот төрелiгiн судья мантиясын киiп жүзеге асырады, оның нысаны мен сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.


3-бап. Сот жүйесi


1. Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергiлiктi соттар құрайды.

Қандай да болмасын атаумен арнаулы және төтенше соттар құруға жол берiлмейдi.

2. Жергiлiктi соттарға мыналар жатады:

1) облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары, мамандандырылған сот - Қазақстан Республикасының Әскери соты, мамандандырылған қаржылық соттар және басқалар);

2) аудандық және оларға теңестiрiлген соттар (қалалық, ауданаралық, мамандандырылған сот - гарнизонның әскери соты және басқалар).

3. Қазақстан Республикасында мамандандырылған (әскери, қаржылық, экономикалық, әкiмшiлiк, кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi және басқа) соттар құрылуы мүмкін.

4. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы мен өзiнiң атауы бейнеленген мөрi болады.

Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


4-бап. Сот жүйесiнiң бiрлiгi


Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң бiрлiгi:

1) Конституцияда, осы Конституциялық заңда, iс жүргiзу және өзге де заңдарда белгiленген, барлық соттар мен судьялар үшiн ортақ және бiрыңғай сот төрелiгi принциптерiмен;

2) сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен;

3) Қазақстан Республикасының барлық соттарының қолданыстағы құқықты қолдануымен;

4) заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен;

5) заңды күшiне енген сот актiлерiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен;

6) барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.


5-бап. Қазақстан Республикасындағы соттар қызметiнiң

тәртiбiн және судьялардың мәртебесiн белгiлейтiн заңдар


Қазақстан Республикасындағы сот құрылысы мен судьялар мәртебесi, сондай-ақ сот төрелiгiн iске асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және басқа да заң актiлерiмен белгiленедi.

2-бөлiм. СОТ ЖҮЙЕСI


1-тарау. АУДАНДЫҚ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ТЕҢЕСТIРIЛГЕН СОТТАР


6-бап. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды құру


1. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi - аудандық соттар) уәкiлеттi органның Жоғарғы Сот Төрағасымен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.

Қазақстан Республикасының Президентi бiрнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде бiр аудандық сот немесе бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте бiрнеше аудандық сот құруы мүмкін.

2. Аудандық соттар үшiн судьялардың жалпы санын уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

3. Әрбiр аудандық сот үшiн судьялардың санын осы сот төрағасының ұсынысы негiзiнде уәкiлеттi орган белгiлейдi.


7-бап. Аудандық соттың құрамы


1. Аудандық сот Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен тағайындалатын төрағадан және судьялардан тұрады.

Егер аудандық сотта штат бойынша бiр судья (бiрқұрамды сот) көзделсе, ол осы соттың төрағасы өкiлеттiгiн атқарады.

2. (Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 Конституциялық заңымен)

Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


8-бап. Аудандық соттың өкiлеттiгi


1. Аудандық сот бiрiншi инстанциядағы сот болып табылады.

2. Аудандық сот:

1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды;

2) сот статистикасын жүргiзедi;

3) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


9-бап. Аудандық соттың төрағасы


1. Аудандық соттың төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:

1) сот судьяларының сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;

2) соттың кеңсесiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

3) азаматтарды қабылдауды жүргiзедi;

4) судья лауазымына кандидаттардың тағылымдамадан өтуiн ұйымдастырады;

5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жасау және судья әдебi нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты қамтамасыз етедi;

6) өкiмдер шығарады;

7) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Аудандық соттың төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда осы сот төрағасының өкiмi бойынша төраға мiндеттерiн атқару осы сот судьяларының бiрiне жүктеледi.

Бiрқұрамды сот төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның мiндетiн атқару аумақтық уәкiлеттi орган басшысының ұсынысы бойынша облыстық сот төрағасының өкiмiмен басқа соттың судьяларының бiрiне жүктеледi.

Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

2-тарау. ОБЛЫСТЫҚ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ТЕҢЕСТIРIЛГЕН СОТТАР


10-бап. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды құру


1. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттарды (бұдан әрi - облыстық соттар) уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасымен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.

2. Облыстық соттар судьяларының жалпы санын уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

Әр облыстық сот үшiн судьялардың санын осы сот төрағасының ұсынысы негiзiнде уәкiлеттi орган белгiлейдi.


11-бап. Облыстық соттың құрылымы мен құрамы


1. Облыстық сот төрағадан, алқалар төрағаларынан және судьялардан тұрады.

2. Облыстық соттың органдары мыналар:

1) қадағалау алқасы;

2) азаматтық iстер жөнiндегi алқа;

3) қылмыстық iстер жөнiндегi алқа;

4) соттардың жалпы отырысы.


12-бап. Облыстық соттың өкiлеттiгi


Облыстық сот:

1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды;

2) (Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 Конституциялық заңымен)

3) сот тәжiрибесiн зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

4) облыс соттарының әкiмшiсi қызметiн бақылауды жүзеге асырады;

5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


13-бап. Облыстық сот алқалары


1. Облыстық соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасы мен қылмыстық iстер жөнiндегi алқасын - алқалар төрағалары, ал қадағалау алқасын сот төрағасы басқарады.

2. Әрбiр алқадағы судьялар саны сот төрағасының ұсынысы бойынша жалпы отырыста белгiленедi.

3. Қадағалау алқасы осы соттың жалпы отырысында жасырын дауыс беру арқылы судьялардың жалпы санының көпшiлiк дауысымен жыл сайын сайланатын судьяларынан тұрады.

Азаматтық iстер жөнiндегi алқа мен қылмыстық iстер жөнiндегi алқа жалпы отырыста талқылағаннан кейiн дербес құрамын сот төрағасы белгiлейтiн судьялардан тұрады.

4. Сот төрағасы азаматтық iстер жөнiндегi алқа мен қылмыстық iстер жөнiндегi алқада мамандандырылған құрам түзуi мүмкiн.


14-бап. Облыстық сот төрағасы


1. Облыстық соттың төрағасы судья болып табылады және судьяның мiндеттерiн атқарумен қатар:

1) судьялардың сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;

2) қадағалау алқасын басқарады, алқаларда сот iстерiн қараған кезде төрағалық етуге құқылы;

3) қажет болған жағдайларда бiр алқаның (қадағалау алқасынан басқа) судьяларын басқа алқаның құрамында iс қарау үшiн тартады;

4) облыстық соттың жалпы отырысын шақырады және оған төрағалық етедi;

5) алқа төрағасы уақытша орнында болмаған кезде оның мiндетiн атқаруды алқа судьяларының бiрiне жүктейдi;

6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жасау және судья әдебi нормаларын сақтау жөнiндегi жұмысты қамтамасыз етедi;

7) соттың жалпы отырысының ұсынысы негiзiнде Әдiлет бiлiктiлiк алқасына судья қызметiне кандидаттың тағылымдамадан өту нәтижелерi туралы қорытынды жiбередi;

8) сот тәжiрибесiн зерделеудi ұйымдастырады;

9) өкiмдер шығарады;

10) соттың кеңсесiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

11) азаматтарды жеке қабылдауды жүргiзедi;

12) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Облыстық сот төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның мiндетi өзiнiң өкiмi бойынша сот алқалары төрағаларының бiрiне жүктеледi.

3. Облыстық сот төрағасы орнынан түскен не өкiлеттiктерiн мерзiмнен бұрын өзгедей тоқтатқан жағдайда, оның мiндеттерi уәкiлеттi органның шешiмi бойынша сот алқалары төрағаларының бiрiне жүктеледi.

Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


15-бап. Облыстық сот алқасының төрағасы


1. Облыстық сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:

1) алқа судьяларының сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;

2) алқа отырыстарында төрағалық етедi;

3) сот төрағасына алқа құрамында мамандандырылған құрам жасақтау жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

4) сот тәжiрибесiн зерделеу әрi жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

5) соттың жалпы отырысына алқа қызметi туралы хабарлама ұсынады;

6) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Алқа төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда сот төрағасы оның мiндетiн атқаруды алқалар судьяларының бiрiне жүктейдi.

Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


16-бап. Облыстық соттың жалпы отырысы


1. Облыстық сот қажетiне қарай, бiрақ жылына кемiнде екi рет жалпы отырыстар өткiзедi, оларда:

1) алқа құрамының санын белгiлейдi және қадағалау алқасының құрамына судьялар сайлайды;

2) сот жұмысының жоспарын талқылайды;

3) алқалар төрағаларының хабарламаларын тыңдайды;

4) сот практикасын талқылайды және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

5) уәкiлеттi органға белгiлi бiр адамды облыс соттарының әкiмшiсi қызметiне тағайындауға келiсiмiн бередi;

6) облыс соттары әкiмшiсiнiң өз қызметi туралы есебiн тыңдайды;

7) аудандық сот төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатураларды қарайды және оның нәтижелерi бойынша тиiстi қорытындылар жасайды;

8) уәкiлеттi органға облыс соттары әкiмшiсiн қызметтен босату туралы ұсыныс енгiзедi;

9) судья қызметiне кандидаттардың тағылымдамадан өту қорытындыларын қарайды және Әдiлет бiлiктiлiк алқасына тиiстi қорытынды бередi;

9-1) сот төрелiгiн iске асыру бойынша төмен көрсеткiштерi немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн екi және одан да көп тәртiптiк жазасы бар судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;

10) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады;

2. Жалпы отырыс облыстық сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болады.

3. Облыстық соттың жалпы отырысының жұмыс тәртiбi ол бекiткен регламентпен анықталады.

Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРҒЫ СОТЫ


17-бап. Жоғарғы Соттың өкiлеттiгi


1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жалпы юрисдикция соттарының қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге iстер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiндiрмелер бередi.

2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты:

1) өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерi мен материалдарын қарайды;

2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

3) сот практикасында заңдарды қолдану мәселелерi бойынша түсiндiрмелер беретiн нормативтiк қаулылар қабылдайды;

4) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.


18-бап. Жоғарғы Соттың құрылымы мен құрамы


1. Жоғарғы Сот Төрағадан, алқа төрағаларынан және судьялардан тұрады.

Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

2. Жоғарғы Соттың органдары мыналар:

1) қадағалау алқасы;

2) азаматтық iстер жөнiндегi алқа;

3) қылмыстық iстер жөнiндегi алқа;

4) соттың жалпы отырысы.

3. Жоғарғы Соттың жанынан ғылыми-консультациялық кеңес және баспа органы құрылады.


19-бап. Жоғарғы Сот алқалары


1. Жоғарғы Соттың қадағалау алқасын, азаматтық iстер жөнiндегi алқасын және қылмыстық iстер жөнiндегi алқасын алқалардың төрағалары басқарады.

2. Әр алқадағы судьялардың саны және олардың дербес құрамы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жалпы отырыста белгiленедi.

3. Жоғарғы Соттың Төрағасы алқаларда мамандандырылған құрамдарды құруы мүмкiн.

Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


20-бап. Жоғарғы Сот Төрағасы


1. Жоғарғы Соттың Төрағасы судья болып табылады және судья мiндетiн атқарумен қатар:

1) судьялардың сот iстерiн қарауын ұйымдастырады;

2) алқада сот iсiн қараған кезде төрағалық етуге құқылы;

3) Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етедi;

4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қарауына сот практикасы және заңда көзделген негiздемелер бойынша қадағалау тәртiбiмен сот актiлерiн қайта қарау туралы ұсыныс жасау мәселелерi бойынша Жоғарғы Соттың нормативтiк қаулыларын қабылдау үшiн материалдар енгiзедi;

5) Жоғарғы Соттың жалпы отырысының бекiтуiне Жоғарғы Соттың жалпы отырысы Хатшысының және ғылыми-консультациялық кеңес мүшелерiнiң кандидатураларын енгiзедi;

6) қажет болған жағдайларда бiр алқаның судьяларын басқа алқаның құрамында iс қарау үшiн тартады;

7) Жоғарғы Соттың жұмыс жоспарын бекiтедi;

8) алқалардың жұмысын үйлестiредi;

9) Жоғарғы Соттың Аппаратына жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның құрылымы мен штатын бекiтедi;

10) азаматтарды жеке қабылдауды жүргiзедi;

11) өкiмдер шығарады.

2. Жоғарғы Соттың Төрағасы Республиканың өзге де мемлекеттiк билiк тармақтары органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынасы кезiнде Республика сот жүйесiнiң мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ:

1) Қазақстан Республикасының Президентiне уәкiлеттi орган басшысының кандидатурасын ұсынады;

2) соттардың тиiстi жалпы отырыстарының қарауына аудандық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасы және облыстық сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы мен судьясы қызметiнiң бос орнына балама негiзде кандидатуралар енгiзедi;

3) соттардың жалпы отырыстарының қорытындылары негiзiнде соттардың жалпы отырыстарында қаралған барлық кандидаттардың материалдарын қоса тiркей отырып, тиiсiнше Жоғары Сот Кеңесiне немесе Әдiлет бiлiктiлiк алқасына аудандық сот төрағасы, облыстық сот төрағасы және облыстық сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы мен судьясы қызметтерiнiң бос орындарына балама негiзде кандидатуралар ұсынады;

4) Қазақстан Республикасының Президентiне заңдарды жетiлдiру жөнiнде ұсыныс енгiзедi;

5) осы Конституциялық заңмен көзделген негiздер туындаған жағдайда, тиiсiнше Жоғары Сот Кеңесiне және Әдiлет бiлiктiлiк алқасына Республика соттары төрағаларының, алқа төрағалары мен судьяларының өкiлеттiгiн тоқтату мәселесi бойынша ұсыныс енгiзедi;

6) Қазақстан Республикасының Президентiне судьяларды мемлекеттiк наградалармен марапаттау және оларға құрметтi атақтар беру туралы ұсыныс енгiзедi;

7) Республика судьяларына "Құрметтi судья" атағын бередi, осы атақты беру тәртiбi туралы ереженi бекiтедi;

8) (Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 Конституциялық заңымен)

9) заңмен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

3. Жоғарғы Соттың Төрағасы уақытша орнында болмаған кезде оның мiндетi Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқалардың бiрiнiң төрағасына жүктеледi.

4. Жоғарғы Сот Төрағасы орнынан түскен жағдайда не өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған өзге де жағдайда Төрағаның мiндетiн уақытша атқаруды Қазақстан Республикасының Президентi Жоғарғы Сот алқалары төрағаларының бiрiне жүктейдi.

Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


21-бап. Жоғарғы Сот алқасының төрағасы


1. Жоғарғы Сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья мiндеттерiн атқарумен қатар:

1) алқаның сот отырыстарында төрағалық етедi;

2) сот практикасын зерделеу және жинақтау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

3) Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қарау үшiн судьялардың тиiстi құжаттарды дайындауын қамтамасыз етедi;

4) Жоғарғы Соттың жалпы отырысына алқа қызметi туралы ақпарат бередi;

5) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Алқа төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның мiндетiн атқару Жоғарғы Сот Төрағасының өкiмi бойынша алқа судьяларының бiрiне жүктеледi.

Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


22-бап. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы


1. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы:

1) алқалардың сандық және дербес құрамын белгiлейдi;

2) сот практикасын зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша Республика соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды;

3) сот практикасы мәселелерi бойынша түсiндiрмелер беретiн нормативтiк қаулылар қабылдайды және заңнаманы жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

3-1) заңға сәйкес сот iстерiн қадағалау тәртiбiмен қарайды;

4) Жоғарғы Сот алқалары төрағаларының және уәкiлеттi орган басшысының хабарламасын тыңдайды;

5) Қазақстан Республикасы Конституциясының 47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда қорытынды бередi;

6) облыстық сот төрағасы мен облыстық сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Сот алқасының төрағасы мен судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатураларды талқылайды және тиiсiнше қорытындылар бередi;

7) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жалпы отырыс Хатшысын және ғылыми-консультациялық кеңестiң құрамын бекiтедi, сондай-ақ жасырын дауыспен Сот жюриiн сайлайды;

7-1) сот төрелiгiн iске асыру бойынша төмен көрсеткiштерi немесе сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн екi және одан да көп тәртiптiк жазалары бар судьяға қатысты материалдарды Сот жюриiне беру туралы мәселенi талқылайды және талқылау қорытындылары бойынша тиiстi шешiм шығарады;

8) заңда көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Жалпы отырыс оған Жоғарғы Сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болып табылады.

3. Жоғарғы Сот жалпы отырысының жұмыс тәртiбi өзi бекiтетiн регламентпен белгiленедi.

Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

3-бөлiм. СУДЬЯЛАР МӘРТЕБЕСI


1-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ


23-бап. Судья мәртебесi


1. Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi.

Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен судьяға сот төрелiгiн жүзеге асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiледi, ол өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайды және сот билiгiн жүргiзушi болып табылады.

Судьялардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Конституциялық заңмен және өзге де заңдармен белгiленедi.

2. Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен мiндеттердi жүктеуге болмайды. Судьяны қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртiбiн сақтау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгiзуге болмайды.


24-бап. Судьялардың ауыстырылмайтындығы


1. Судьялар қызметке Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайланады немесе тағайындалады және тұрақты негiзде өкiлеттiктерге ие болады.

2. Судьяның өкiлеттiгi тек қана осы Конституциялық заңда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкiн.


25-бап. Судьяның тәуелсiздiгi


1. Судьяның тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады.

Судьялар сот төрелiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады.

2. Ешкiмнiң сот төрелiгiн жүзеге асыру iсiне араласуға және судья мен алқа заседателiне қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ. Мұндай әрекеттер заңмен қудаланады.

3. Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс.

4. Соттарды қаржыландыру, судьяларды материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға тұрғын үй беру сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi мөлшерде республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүргiзiледi.

Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


26-бап. Судья тәуелсiздiгiнiң кепiлдiктерi


1. Судьяның тәуелсiздiгi:

1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;

2) судьяның сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне араласқаны үшiн, сондай-ақ сотты және судьяларды сыйламағандық үшiн заңда жауаптылық белгiлеумен;

3) судьяға ешкiмнiң тиiспеуiмен;

4) Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген судьяны қызметке сайлау, тағайындау, судьяның өкiлеттiгiн тоқтату және тоқтата тұру тәртiбiмен, судьяның орнынан түсу құқығымен;

5) судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамтамасыз етiледi.

2. Судьялар, олардың отбасы мүшелерi мен мүлкi мемлекеттiң қорғауында болады.

Егер судьядан тиiстi өтiнiш түссе, iшкi iстер органдары судья мен оның отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн, оларға тиесiлi мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге уақтылы және түпкiлiктi шаралар қабылдауға мiндеттi.

Судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қызметiне байланысты келтiрiлген зиян республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi.

Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


27-бап. Судьяларға ешкiмнiң тиiспеуi


1. Судьяны, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсiмiнсiз оны қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Судьяға тиiспеушiлiк оның жеке басына, меншiгiне, ол тұратын тұрғын үй және қызметтiк үй-жайларға, ол пайдаланатын жеке және қызметтiк көлiк құралдарына, оған тиесiлi құжаттарға, багажына және өзге де мүлiктерiне тиiспеушiлiктi қамтиды.

2. Судьяға қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғай алады. Судьяға қатысты арнайы жедел-iздестiру iс-шаралары прокурордың санкциясымен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.

3. Судьяға Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен куәлiк берiледi.

Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


28-бап. Судьяға қойылатын талаптар


1. Судья:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға, судьяның антына адал болуға;

2) сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әдiлдiгiне, объективтiлiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға;

3) сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне және сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметке заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұруға;

4) судьялар кеңесiнiң құпиясын сақтауға мiндеттi.

2. Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.

Судьялар партияларға, кәсiптiк одақтарға кiре алмайды, қандай да бiр саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуiне болмайды.

Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


29-бап. Судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар


1. Аудандық соттың судьясы болып:

жиырма бес жасқа толған;

жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар;

Әдiлет бiлiктiлiк алқасында немесе мамандандырылған магистратурада бiлiктiлiк емтиханын тапсырған;

медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растаған;

сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн. Мамандандырылған магистратураны оқып бiтiрген адамдарға тағылымдамадан өту талап етiлмейдi.

2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде он жыл жұмыс стажы бар, оның iшiнде, әдетте, кемiнде бес жыл судья болған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.

3. Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетiн, заң мамандығы бойынша кемiнде он бес жыл жұмыс стажы бар, оның iшiнде, әдетте, кемiнде он жыл судья болған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады.

4. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережеде айқындалады.

Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


29-1-бап. Судья лауазымына кандидатты медициналық куәландыру


1. Судья лауазымына кандидаттың судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растау үшiн оған медициналық куәландыру жүргiзiледi.

2. Судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiретiн аурулардың тiзбесi жергiлiктi соттарды ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органның және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның бiрлескен нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

Ескерту. 29-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


30-бап. Судья лауазымына кандидаттарды iрiктеу


1. Судья қызметiне кандидаттарға тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, қай нәсiлге және ұлтқа жататындығына, жынысына, саяси көзқарасына, дiни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан тең құқық қамтамасыз етiледi.

2. Аудандық соттың судьясы қызметiнiң бос орнына кандидат iрiктеудi осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағының талаптарына сай келетiн адамдар, сондай-ақ судья қызметiнiң бос орнына орналасуға өтiнiш берген, қызмет iстеп жүрген судьялардың арасынан конкурстық негiзде Әдiлет бiлiктiлiк алқасы жүзеге асырады.

Аудандық сот төрағасы лауазымының бос орнына кандидатураларды Жоғарғы Сот Төрағасы тиiстi облыстық соттың жалпы отырысының оң қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Әдiлет бiлiктiлiк алқасы қарайды.

Әдiлет бiлiктiлiк алқасы аудандық сот төрағасы немесе судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатты Әдiлет министрiне ұсынады, ол заңда белгiленген тәртiппен оны қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады.

3. Облыстық сот судьясы қызметiне кандидат iрiктеудi бос қызмет орнында жұмыс iстеуге өтiнiш берген және осы Конституциялық заңның 29-бабының 2-тармағының талаптарына сай келетiн адамдар арасынан конкурстық негiзде Жоғары Сот Кеңесi жүзеге асырады.

Жоғары Сот Кеңесi конкурстың қорытындысы бойынша облыстық соттың судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатты қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады.

4. Облыстық сот төрағасы және оның алқасының төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Жоғарғы Сот Төрағасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Жоғары Сот Кеңесi қарайды.

Жоғары Сот Кеңесi облыстық сот төрағасы және оның алқасының төрағасы қызметiнiң бос орнына кандидатты қызметке тағайындау үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады.

5. Жоғарғы Сот алқасының төрағасы және судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Жоғарғы Соттың Төрағасы Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын ескере отырып енгiзген ұсыныс бойынша Жоғары Сот Кеңесi қарайды.

Жоғарғы Сот Төрағасы қызметiне кандидатураны Жоғары Сот Кеңесi қарайды.

Жоғары Сот Кеңесi Жоғарғы Соттың Төрағасы, алқа төрағасы және судьясы қызметiнiң бос орнына кандидатураны Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсынуы үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады.

Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


31-бап. Судьяға өкiлеттiктер беру тәртiбi


1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Сенат сайлайды.

2. Облыстық соттың судьясын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.

3. Аудандық соттың судьясын Әдiлет министрiнiң Әдiлет бiлiктiлiк алқасының кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.

4. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен осы соттың алқаларының төрағаларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуы бойынша тиiстi қызметтерге бес жыл мерзiмге Сенат сайлайды.

5. Облыстық соттардың төрағалары мен алқаларының төрағаларын Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.

6. Аудандық соттардың төрағаларын Әдiлет бiлiктiлiк алқасының кепiлдемесiне негiзделген Әдiлет министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайды.

7. Жоғарғы Соттың Төрағасы мен алқаларының төрағалары, облыстық соттың төрағасы мен алқаларының төрағалары, аудандық соттың төрағасы өкiлеттiк мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн, егер олар бұрынғы қызметтерiне немесе басқа соттағы осындай қызметке тиiсiнше қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған болса, тиiстi соттың судьясы өкiлеттiгiн жүзеге асыруды жалғастырады.

Тиiстi сотта судьялардың бос орны болмаған жағдайда осындай лауазымға қайтадан сайланбаған немесе тағайындалмаған төраға мен алқа төрағасы олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына конкурссыз тағайындауға ұсынылады.

8. Сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде осы соттың судьялары олардың келiсiмiмен тең дәрежелi немесе төмен тұрған соттың судьясы лауазымына тағайындауға конкурссыз ұсынылуы мүмкiн.

Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


32-бап. Судьяның ант беруi


1. Судья лауазымына алғаш рет сайланған немесе тағайындалған адам мынадай мазмұнда ант бередi:

"Өз мiндеттерiмдi адал және абыройлы атқаруға, сот төрелiгiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретiндегi борышым мiндеттегендей бейтарап және әдiл болуға салтанатты түрде ант етемiн".

2. Жоғарғы Соттың Төрағасы, Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьялары Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының отырысында ант бередi.

3. Облыстық соттардың төрағалары Жоғарғы Соттың жалпы отырысында ант бередi.

4. Облыстық соттар алқаларының төрағалары мен судьялары, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары тиiстi облыстық соттардың жалпы отырысында ант бередi.


33-бап. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру


1. Судьяның өкiлеттiгi, егер:

1) судья Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе мәслихатының депутаттығына кандидат болып тiркелсе;

2) судья заңды күшiне енген сот шешiмiмен хабарсыз кеткен деп танылса;

3) судьяны қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм берiлсе;

3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабының 2-тармағында көзделген негiздер бойынша судья өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi болса;

4) басқа жұмысқа ауысса, тоқтатыла тұрады.

2. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұруды:

Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты - Қазақстан Республикасының Президентi;

Республиканың қалған барлық судьяларына қатысты - Жоғарғы Сот Төрағасы жүзеге асырады.

3. Егер судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға негiз болған мән-жай жойылса, судьяның өкiлеттiгi қалпына келтiрiледi.

Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


34-бап. Судьяны қызметтен босату және оның өкiлеттiгiн тоқтату


1. Судьяның өкiлеттiгi мынадай негiздерде:

1) судья орнынан түскенде;

1-1) судья өз тiлегi бойынша қызметiнен босағанда;

2) медициналық қорытындыға сәйкес кәсiптiк мiндеттерiн одан әрi атқаруға кедергi болатын денсаулық жағдайы бойынша;

3) судьяны iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенде;

4) осы судьяға қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енгенде;

5) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда;

6) судья қайтыс болған немесе соттың оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген жағдайда;

7) судья басқа лауазымға тағайындалған, сайланған және ол басқа жұмысқа ауысқан жағдайда;

8) соттың таратылуына немесе өкiлеттiк мерзiмiнiң өтуiне байланысты, егер судья басқа соттағы бос қызмет орнына орналасуға келiсiмiн бермесе;

9) Сот жюриiнiң қорытындысы бойынша;

10) зейнеткерлiк жасқа толғанда тоқтатылады.

2. Судьяның өкiлеттiгi судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының судьяны тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны немесе осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген талаптарды орындамағаны үшiн қызметiнен босату қажеттiгi туралы шешiмiне байланысты тоқтатылуы мүмкiн.

3. Сот төрағасының не алқа төрағасының өкiлеттiктерi олар осы Конституциялық заңның 9, 14, 15, 20, 21 және 28-баптарында көрсетiлген талаптарды орындамаған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.

4. Судьяны қызметтен босату туралы шешiм:

1) Жоғарғы Соттың Төрағасы, алқа төрағалары мен судьяларына қатысты Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуы бойынша - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысымен;

2) облыстық соттың төрағасы, алқа төрағалары мен судьялары, аудандық соттың төрағасы мен судьясына қатысты - Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен қабылданады.

5. Судьяны қызметiнен босату сонымен бiр мезгiлде тиiстi соттың төрағасы немесе алқа төрағасы өкiлеттiктерiнiң тоқтатылуына әкеп соғады.

Тиiстi соттың төрағасын немесе алқа төрағасын өкiлеттiк мерзiмiнiң өтуiне байланысты қызметтен босату оларды осы соттың судьясы қызметiнен босатуға әкеп соқпайды.

6. Осы баптың 1-тармағының 3)-7), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларда, судьялық қызметтен босатуға және судьяның өкiлеттiгiн тоқтатуға Жоғары Сот Кеңесiнiң немесе Әдiлет бiлiктiлiк алқасының ұсыныстары талап етiлмейдi.

Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


35-бап. Судьяның орнынан түсуi


1. Еңбек жолы мiнсiз және кемiнде он бес жыл судьялық жұмыс стажы бар судьяның өзiнiң судья атағын, судьялар қоғамдастығында болуын, жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiн және осы Конституциялық заңда көзделген өзге де материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерiн сақтай отырып, судьялық өкiлеттiктерiн тоқтатуының ерекше нысаны орнынан түсу деп танылады.

Судьяны орнынан түсу нысанында қызметiнен босату осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 1-1), 2), 8) және 10) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жүзеге асырылады.

2. Судья орнынан түскен кезде судьялық жұмыс стажы жиырма және одан да көп жыл болса, жиырма төрт айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, судьялық жұмыс стажы он бестен жиырма жылға дейiн болса, он сегiз айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде оның соңғы лауазымы бойынша бiржолғы шығу жәрдемақысы төленедi.

3. Судьяның орнынан түсуi:

кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырғанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiргенде, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметке тұрғанда;

ол қылмыс жасағанда немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасағанда;

өз тiлегi бойынша;

Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылғанда;

ол қайтыс болғанда немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енгенде тоқтатылады.

4. Судья орнынан түсуi тоқтатылған жағдайда жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен және осы Конституциялық заңның 51, 53 және 55-баптарында көзделген кепiлдiктерден айырылады.

Ескерту. 35-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


35-1-бап. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру


1. Судьяны зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.

2. Судья үшiн Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебiнен қосымша мiндеттi зейнетақы жарналары белгiленедi.

Судья терiс себептер бойынша қызметiнен босатылған кезде аталған жарналар республикалық бюджетке алынады.

Ескерту. 35-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


36-бап. Жоғары Сот Кеңесi және Әдiлет бiлiктiлiк алқасы


1. Жоғары Сот Кеңесiне Республика Президентi қызметке тағайындайтын Төраға басшылық жасайды және Конституциялық Кеңестiң Төрағасынан, Жоғарғы Соттың Төрағасынан, Бас Прокурордан, Әдiлет министрiнен, Парламент Сенатының депутаттарынан, судьялардан және Республика Президентi тағайындайтын басқа да адамдардан тұрады.

2. Әдiлет бiлiктiлiк алқасы Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттарынан, судьялардан, прокурорлардан, құқық пәнiнiң оқытушыларынан және заңгер ғалымдардан, әдiлет органдарының қызметкерлерiнен құрылатын дербес, тәуелсiз мекеме болып табылады. Әдiлет бiлiктiлiк алқасының төрағасын Республика Президентi тағайындайды.

Жоғары Сот Кеңесi мен Әдiлет бiлiктiлiк алқасының мәртебесi, құрылу тәртiбi мен жұмысын ұйымдастыру заңмен анықталады.


37-бап. Судьялар қоғамдастығы мен оның органдары


1. Судьялар қоғамдастығының ортақ мүдделерiн iске асыру мен қорғау мақсатында судьялардың қоғамдық бiрлестiктер құруға құқығы бар.

2. Судьялық бiрлестiктер қажет болған жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiппен өз мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiредi, қорғайды және сот төрелiгiнiң iске асырылуына ықпал етуге құқылы емес, сондай-ақ саяси мақсаттарды көздемеуге тиiс.


38-бап. Судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары


Судьяларға бiлiктiлiк сыныптарын беру, судьяның орнынан түсу құқығын және оны тоқтатуды растау үшiн, сондай-ақ судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгi мәселелерiн шешу не судьяның өкiлеттiгiн тоқтату үшiн, осы Конституциялық заңмен көзделген жағдайларда, Республикалық және облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары құрылады.

Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларын құру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртiбi, сондай-ақ тәртiптiк iстердi қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен анықталады.

Ескерту. 38-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


38-1-бап. Сот жюриi


Жұмыс iстеп жүрген судьяның кәсiби жарамдылығын анықтау үшiн жетi судьядан тұратын Сот жюриi құрылады.

Облыстық немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешiмi Сот жюриiнде судьяларға қатысты материалдарды қарау үшiн негiз болып табылады.

Сот жюриiнде материалдарды қарау тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Ережеде айқындалады.

Ескерту. 38-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

2-тарау. СУДЬЯЛАРДЫҢ ТӘРТIПТIК ЖАУАПКЕРШIЛIГI


39-бап. Судьялардың тәртiптiк жауапкершiлiгiнiң негiздерi


1. Судья:

1) сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн;

2) судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны үшiн;

3) еңбек тәртiбiн өрескел бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін.

2. Сот төрағалары және сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңда көзделген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.

3. Сот актiсiнiң күшiн жою немесе өзгерту, егер бұл орайда заңды өрескел бұзуға жол берiлмеген және ол туралы жоғары тұрған сот орнының сот актiсiнде көрсетiлмеген болса, өздiгiнен судьялардың жауаптылығына әкеп соқпайды.


40-бап. Судьяларға қатысты қолданылатын жазалардың түрлерi


1. Судьяларға тәртiптiк жазаның мына түрлерi қолданылуы мүмкiн:

1) ескерту;

2) сөгiс;

3) бiлiктiлiк сыныбын төмендету;

4) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше атқармағаны үшiн сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметiнен босату;

5) осы Конституциялық заңда көзделген негiздер бойынша судья қызметiнен босату.

2. Әрбiр тәртiп бұзушылық үшiн тәртiптiк терiс қылықтың сипаты, судьяның жеке басы туралы деректер және оның кiнәсiнiң дәрежесi ескерiле отырып, тек бiр тәртiптiк жаза қолданылады.


41-бап. Тәртiптiк iс қозғау құқығы


Тәртiптiк iс қозғау құқығы:

1) Республиканың кез келген судьясына қатысты - Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасына;

2) облыстық соттың судьясына, аудандық соттың төрағасы мен судьясына қатысты - облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларына тиесiлі болады.

Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


42-бап. Тәртiптiк iс қозғау және қарау мерзiмдерi


1. Судьяға қатысты тәртiптiк iс қарау, қызметтiк тексеру мен судьяның дәлелдi себептермен жұмыста болмаған уақытын есепке алмағанда, терiс қылық анықталған күннен бастап - үш айдан кешiктiрiлмей және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қозғалуы мүмкiн.

Жоғарғы тұрған сот инстанциясының заңдылықтың бұзылу фактiсi анықталған сот актiсi заңды күшiне енгiзiлген күн судьяның сот iсiн қарау кезiнде заңдылықты бұзуына байланысты тәртiптiк терiс қылықтың анықталған күнi болып есептеледi, ал заңсыз сот актiсi шығарылған күн осындай терiс қылықтың жасалған күнi болып есептеледi.

2. Тәртiптiк iс қозғалған күнiнен бастап екi ай мерзiм iшiнде қаралуға тиiс.


43-бап. Тәртiптiк iстердi қарау жөнiндегi органдар


1. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьяларына, облыстық соттардың төрағалары мен алқа төрағаларына қатысты тәртiптiк iс қозғау туралы мәселенi, тәртiптiк iстердi, сондай-ақ облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларының шешiмдерiне қатысты шағымдарды қарайды.

2. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары облыстық соттардың судьяларына, сондай-ақ аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты тәртiптiк iс қозғау туралы мәселенi, тәртiптiк iстердi қарайды.

3. Тәртiптiк iстердi қарау тәртiбi және тәртiптiк алқалардың қызметi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен регламенттеледi.

Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


44-бап. Тәртiптiк iстер бойынша қабылданатын шешiмдер


Тәртiптiк iс жөнiндегi тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа:

1) осы Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртiптiк жаза қолдану туралы;

2) тәртiптiк iс жүргiзудi қысқарту туралы;

3) (Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 Конституциялық заңымен)

4) төменгi тұрған тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның шешiмiн өзгерту не оның күшiн жою және iстi жаңадан қарауға жiберу туралы не шешiмдi өзгерiссiз қалдыру туралы шешiмдердiң бiрiн шығарады.

Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


45-бап. Тәртiптiк жазаның қолданылу мерзiмi


1. Егер судья жаза қолданылған күннен бастап бiр жыл бойы жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда ол тәртiптiк жазаға тартылмаған деп есептеледi.

2. Судья мiнсiз тәртiбiмен өз мiндеттерiн адал атқарған жағдайда, тәртiптiк жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн мерзiмiнен бұрын алынуы мүмкiн.

Тәртiптiк жазаны берген тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасы оны мерзiмiнен бұрын алуы мүмкiн.


46-бап. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларының шешiмдерiне шағымдану


1. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмiне өзiне қатысты шешiм шығарылған судья, сондай-ақ тәртiптiк iс қозғаған тұлға Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасына шағымдануы мүмкiн.

2. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.

3-тарау. СУДЬЯЛАРДЫ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТIК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ


47-бап. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету


1. Судьяларды материалдық қамтамасыз ету оның мәртебесiне сай болуға және сот төрелiгiн толық әрi тәуелсіз жүзеге асыру мүмкiндiгін қамтамасыз етуге тиiс және оны азайтуға болмайды.

2. Судьялардың еңбегiне ақы төлеудi Конституцияның 44-бабының 9) тармақшасына сәйкес судьяның мәртебесiн, оны тағайындау және сайлау тәртiбiн, сондай-ақ ол жүзеге асыратын функцияларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


48-бап. Судьялардың бiлiктiлiк сыныптары


1. Судьяларға атқарып жүрген қызметiне, кәсiби даярлығының деңгейiне, еңбек сiңiрген жылдарына және өзге де мән-жайларға байланысты бiлiктiлiк сыныптары берiледi.

2. Судьяларға бiлiктiлiк сыныптарын беру мен олардан айыру тәртiбi осы Конституциялық заңмен және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен белгiленедi.


49-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары


Судьяларға сауығуы үшiн лауазымдық екi айлықақы мөлшерiнде жәрдемақы төлене отырып, күнтiзбелiк отыз күнге жыл сайынғы демалыс берiледi.


50-бап. Ауысқан кездегi өтемақы


Қызметi бойынша Қазақстанның бiр аймағынан екiншi аймағына ауысқан судьяларға және олардың отбасы мүшелерiне көшуге байланысты шығыстары шыққан шығынының көлемiнде төленедi.


51-бап. Тұрғын үй жеңiлдiктерi


1. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебiнен жүргiзiледi.

2. Судьяға және оның отбасы мүшелерiне кезектен тыс, бiрақ қызметiне кiрiскен күнiнен бастап алты айдан кешiктiрiлмей, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан, судьяны тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың санатына жатқызбайтын нормалар бойынша тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi. Лауазымында он жылдан астам уақыт жұмыс iстеген судьялардың тұрақты тұруға арналған қызметтiк тұрғын үйi оның қалауы бойынша қалдық құны бойынша сатып алынуы мүмкiн.

3. Судья қызметiнен босатылғанда оны және отбасы мүшелерiн басқа тұрғын үй бермей тұрып қызметтiк тұрғын үйден шығаруға болмайды.


52-бап. Судьяларды мантиямен қамтамасыз ету


Барлық соттардың судьялары республикалық бюджет қаражаты есебiнен судьялық мантиямен қамтамасыз етiледi.


53-бап. Судьяларға медициналық қызмет көрсету


1. Судьялар және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетумен белгiленген тәртiппен қамтамасыз етiледi.

2. Судьяларға медициналық қызмет көрсетудiң тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.


54-бап. Судья мертiккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсiби ауруға шалдыққан) немесе қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайдағы өтемақы


1. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiксе (жарақаттанса, жараланса, контузия алса, кәсiби ауруға шалдықса), оған осы бапта белгiленген мөлшерде бiржолғы өтемақы төленедi.

2. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда не қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгу (жарақаттану, жаралану, контузия алу, кәсiби ауруға шалдығу) салдарынан судья өкiлеттiгiн тоқтатқаннан кейiн бiр жылдың iшiнде оны алуға құқығы бар адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

3. Судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мертiгуiнiң (жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының, кәсiби ауруға шалдығуының) нәтижесiнде мүгедек болғаны белгiленген жағдайда, оған:

1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық лауазымдық айлықақы;

2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық лауазымдық айлықақы;

3) III топтағы мүгедекке - алты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

4. Судья қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiк белгiлеуге әкеп соқтырмаған ауыр мертiккен (жарақаттанған, жараланған, контузия алған, кәсiби ауруға шалдыққан) жағдайда оған бiр жарым айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде, жеңiл мертiккен жағдайда - жарты айлық лауазымдық айлықақы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

5. Бiржолғы өтемақы төлеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

6. Егер судьяның қызметтiк мiндеттерiн атқарумен байланысты емес жағдайларда мертiккенi (жарақаттанғаны, жараланғаны, контузия алғаны, кәсiби ауруға шалдыққаны) немесе қаза тапқаны (қайтыс болғаны) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.

Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


55-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстардың өтемақысы


Қайтыс болған немесе қаза тапқан судьялар мен судья қызметiнен зейнеткерлiкке шыққан зейнеткерлердi жерлеу үшiн судья қайтыс болған сәттегi тиiстi лауазымы бойынша судьяның үш айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.


55-1-бап. Судьяны материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiндегi кепiлдiктерден айыру


Судья өзiнiң қылмыс жасауына немесе сот билiгiнiң беделiне нұқсан келтiретiн терiс қылық жасауына, сот әдебi талаптарын сақтамауына және осы Конституциялық заңның 28-бабында көрсетiлген өзге де талаптарды орындамауына байланысты судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының шешiмi бойынша оның өкiлеттiктерi тоқтатылған кезде, сондай-ақ кәсiби жарамсыздығына байланысты Сот жюриiнiң қорытындысы бойынша:

1) орнынан түсу құқығынан және жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiнен;

2) осы Конституциялық заңның 51, 53, 54 және 55-баптарында көзделген барлық материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерден айырылады.

Ескерту. 55-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

4-бөлiм. СОТТАРДЫҢ ҚЫЗМЕТIН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ


56-бап. Соттардың қызметiн ұйымдық және

материалдық-техникалық қамтамасыз ету


1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi, сондай-ақ сот статистикасын жүргiзудi Жоғарғы Соттың Аппараты жүзеге асырады.

Жергiлiктi соттардың қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi, сондай-ақ соттарда сот статистикасын жүргiзудi Қазақстан Республикасының Президентi құратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.

2. Уәкiлеттi органдардың бiрыңғай жүйесiн тиiстi орталық мемлекеттiк орган және облыстардағы, астана мен республикалық маңызы бар қалалардағы соттардың әкiмшiлерi құрайды.

3. Уәкiлеттi органның қызметi соттың тәуелсiздiгi мен судьялардың қызметiне араласпау принциптерiн сақтау жағдайында жүзеге асырылады.

4. Уәкiлеттi органның құзыретi мен қызметiнiң ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Ережемен айқындалады.

5. Соттарда сот кеңсесi құрылады, ол судьялардың сот төрелiгiн жүзеге асыру, сот тәжiрибесiн жинақтау, сондай-ақ соттың басқа да функцияларын орындау жөнiндегi жұмысын қамтамасыз етедi.

6. Сот кеңсесi қызметкерлерiнiң құқықтық жағдайы мен еңбегiне ақы төлеу мемлекеттiк қызмет туралы заңдармен реттеледi.

7. Жоғарғы Сот Аппаратының құрылымы мен штат санын - оның Төрағасы, ал жергiлiктi соттар кеңселерiнiң құрылымы мен штат санын тиiстi сот төрағасының ұсынуы бойынша уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн штат санының лимитi шегiнде бекiтедi.

Ескерту. 56-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 199 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.


57-бап. Соттарды қаржыландыру


1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотын және жергiлiктi соттарын қаржыландыру республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.

2. Жоғарғы Соттың және жергiлiктi соттардың бюджетi соттардың конституциялық өкiлеттiктерiн орындауын толық қамтамасыз етуге тиiс.

5-бөлiм. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР


58-бап. Күшi жойылды деп танылған заң актiлерi


Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:

1. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" 1990 жылғы 23 қарашадағы Қазақ ССР-ның Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., N 48, 443-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1992 ж., N 8, 206-құжат; N 11-12, 293-құжат; 1993 ж., N 8, 161-құжат; 1995 ж., N 23, 140-құжат).

2. "Қазақ ССР-iнiң сот құрылысы туралы" Қазақ ССР Заңын күшiне енгiзу тәртiбi туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң 1990 жылғы 23 қарашадағы қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1990 ж., N 48, 444-құжат).

3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қызметiнiң ұйымдық мәселелерi туралы" 1994 жылғы 7 ақпандағы N 1545 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1994 ж., N 6, 62-құжат).

4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы соттары судьяларының материалдық және әлеуметтiк қамсыздандырылу деңгейiн арттыру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" 1994 жылғы 18 сәуiрдегi N 1670 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1994 ж., N 18, 182-құжат).

5. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының төменгi соттарын құру тәртiбi туралы" 1995 жылғы 17 наурыздағы N 2125 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң актiлер жинағы, 1995 ж., N 10, 113-құжат).

6. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының соттары туралы" 1995 жылғы 20 қазандағы N 2581 заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Ведомостары, 1995 ж., N 21, 128-құжат; N 22, 134-құжат).

7. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" 1995 жылғы 20 желтоқсандағы N 2694 конституциялық заң күшi бар Жарлығы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 23, 147-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 7, 78-құжат; N 11, 156-құжат; N 13-14, 194-құжат; 1999 ж., N 4, 100-құжат; N 23, 915-құжат; N 10, 231-құжат).


59-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгiзу және судьялар қызметiнiң онымен байланысты ерекшелiктерi


1. Осы Конституциялық заң тиiстi заңдардың қабылдануына қарай, бiрақ 2001 жылдың 1 шiлдесiнен кешiктiрiлмей қолданысқа енгiзiлетiн 11 баптың 2-тармағын, 13-бапты, 18-баптың 2-тармағын, 19-бапты, 30-бапты және 36-баптың 2-тармағының екiншi бөлiгiн қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

2. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметке тағайындалған немесе сайланған Республика соттарының қызмет етiп жүрген төрағалары мен судьялары өз өкiлеттiктерiн сақтайды.

3. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қызметке сайланған немесе тағайындалған сот төрағаларының бесжылдық өкiлеттiк мерзiмi қызметке сайланған немесе тағайындалған сәттен бастап есептеледi.

4. Қазақстан Республикасы облыстық, оларға теңестірілген соттарының және Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңмен көзделген Қазақстан Республикасы соттарының алқалары құрылғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайды.


Қазақстан Республикасының Президенті

 

Құжаттар

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі №364 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органы қызметкері антының мәтінін және оны қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Жоғары әскери және арнаулы атақтар беру туралы

"Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы".

Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы» 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 және «Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Америка Құрама Штаттарының Президенттерінің бұрынғы Семей сынақ полигонына қатысты үшжақты ынтымақтастыққа байланысты бірлескен мәлімдемесі

Қазақстан халқы Ассамблеясының он тоғызыншы сессиясын шақыру туралы

Бразилия Федеративтік Республикасында Қазақстан Республикасының Елшілігін ашу туралы

Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Дипломатиялық миссиясын қайта ұйымдастыру туралы

Елбасының сөйлеген сөздері

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа баспасөз мәслихатын өткізді.15.05.2012ж.

Бағдарламаның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко брифинг өткізді.14.05.2012ж.

Ресми бағдарлама аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев брифинг өткізді.10.05.2012ж.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясы қатысушыларының ел азаматтарына үндеуі.27.04.2012ж.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзі.27.04.2012ж.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтауы.14.04.2012ж.

Қауіпсіз ядролық болашаққа жол сала отырып.27.03.2012ж.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзі.27.03.2012ж.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанда тіркелген шетел дипломатиялық миссиясы басшыларымен кездесуде сөйлеген сөзі.2.03.2012ж.

Қазақстан Респуликасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.27.01.2012ж.