Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 20 шілдедегі № 83-ІІ Конституциялық заңы

 

 

Осы Конституциялық заң Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарының сабақтастығын, елдегі бұдан кейінгі әлеуметтік-экономикалық және демократиялық өзгерістерді қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қа­зақстан халқының бірлігін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен Елбасы ретінде Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының саяси және құқықтық жағдайын анықтайды.

1-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының мәртебесі және өкілеттігі

Осы Конституциялық заңда Қазақ­стан Республикасы Президентінің Қа­зақстан Рес­публикасының Конституция­сында, «Қазақ­стан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда және республиканың басқа заңдарында көзделген өкілеттіктерімен қатар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зидентінің – Елбасының саяси-құқықтық мәртебесі, өзі Қазақстан Рес­публикасы Пре­зидентінің өкілеттіктерін тоқтатқаннан кейінгі де Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының айрықша құзыреттері мен кепілдіктері айқындалады.

Қазақстан мемлекеттілігін құрудың бас­тауында тұрған және демократиялық, зай­ырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемен Қазақстанды дамытуға аса зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлану құқығына шектеу қолданыл­майды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы:

1) Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мем­ле­кеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау;

2) Қазақстан Республикасы Парла­менті мен оның палаталарының алдын­да, рес­публика Үкіметінің отырыста­рында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару; Қазақстан Республикасы Консти­туциялық Кеңе­сінің, Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі.

Мемлекеттің ішкі және сыртқы сая­са­тының негізгі бағыттары бойынша әзірле­нетін бастамалар Қазақстан Рес­публика­сының Тұңғыш Президентімен – Елбасымен келісіледі.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зидентінің – Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президентін – Елбасын көпшілік алдында қорлауға не­месе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зидентінің – Елбасының бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады.

2-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының ордені мен жыл сайынғы бейбітшілік және прогресс сыйлығын тағайындау

Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының Отан алдында сіңірген ерекше еңбегін атап өту құрметіне мыналарды тағайындайды:

1) мемлекеттік награда - «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені, онымен марапаттау азаматтардың мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген ерекше еңбегі үшін жүргізіледі;

2) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының жыл сайынғы Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы, оны Қазақстан Республикасының Президенті демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны үшін, бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты нығайтқаны үшін береді.

3-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиіспеушілігі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиі­суіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындау кезеңінде жасаған, сондай-ақ олар тоқтатылғаннан кейін – Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы деген өз мәрте­бе­сін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекет­тері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, одан жауап алуға не оның жеке басын тексеруге болмайды.

Тиіспеушілік Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президентіне – Елба­сына және онымен бірге тұратын отбасы мүше­леріне жеке меншік құқығымен тиесілі бар­лық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызмет үй-жайларына; қыз­меттік көлігіне; байланыс құралдарына; хат-хабарларына; оларға тиесілі құжаттарға қолданылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке қандай да бір шектеу қойылмайды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зидентінің – Елбасының және оны­мен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығы мен оларға қол сұғылмауына кепілдік беріледі.

4-бап. Қызметті қамтамасыз ету

Өз өкілеттіктерін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының қызметін қамтамасыз ету және оның мәртебесін жүзеге асыру үшін қызметтік үй-жай бөлінеді, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Кеңсесі құрылады, Кеңсе өз міндеттерін орындау үшін соның алдында ғана жауапты болады.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының республикалық бюджет қаражаты есебінен ұсталатын Кеңсесінің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сы белгілейді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Кеңсесі қызметкерлерінің жалпы айлық еңбекақы қоры Қазақстан Республикасы Президентінің ай сайынғы лауазымдық жалақысының 2 еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елба­сы Кеңсесінің қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет туралы заңдар қолданылады.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының Кеңсесін орналастыру үшін ұйымдастыру техникасымен (оның ішінде жалпы жүйеге де, барлық қолда бар құқықтық базалар мен мемлекеттік ақпарат жүйелеріне де қосылған жеке компьютерлерімен, көшіру-көбейту техникасымен, факсимильді байланыс аппаратымен), байланыс құралдарымен, оның ішінде үкіметтік байланыспен, сондай-ақ қажетті офистік жиһазбен жабдықталған жеке қызметтік үй-жай беріледі.

5-бап. Байланыспен қамтамасыз ету

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының өмір бойы Қазақстан Республикасының аумағында үкіметтік байланыспен және жергілікті атқару органдарында, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда бар басқа да байланыс түрлерін тегін пайдалануға құқығы бар, сондай-ақ байланыс қызметтерін кезектен тыс алуға құқылы. Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының пошта және телеграф жөнелтімдерінің барлық түрлері үкімет жөнелтімдері дәрежесінде жіберіледі (беріледі), сұрыпталады және жеткізіледі.

6-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Елба­сын күзету

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін – Елба­сын күзету Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметіне жүктеледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елба­сына ал үнемі тұратын немесе уақытша болатын жерлерінде өмір бойы мемлекеттік күзет беріледі.

Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен – Елба­сынымен бірге тұратын немесе онымен бірге еріп жүретін отбасы мүшелеріне де мемлекеттік күзет беріледі.

7-бап. Тұрғын үймен қамтамасыз ету

Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елба­сына қажетті мемлекеттік қызмет көрсетіле отырып қызметтік пәтер мен мемлекеттік саяжай меншігіне беріледі.

8-бап. Көлікпен қамтамасыз ету

Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елба­сына - өмір бойы жүргізушілерімен бірге жеке автомобиль, ал онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне қызметтік автокөлікті пайдалану құқығы беріледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сы өмір бойы елде көлікпен тегін жүруге және ресми адамдар мен делегацияларға арналған залдарды тегін пайдалануға құқылы.

9-бап. Қор, мұражайлар, бюстер, жеке мұрағат және жеке кітапхана

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Қазақстан Республи­касы Президентінің өкілеттігін орындаған кезеңде Қазақстан Республи­касы Тұңғыш Президентінің – Ел­басының қорын, жеке кітапханасы мен жеке мұрағатын құрады және қалып­тастырады.

Қазақстан Республикасы Президен­тінің өкілеттігін тоқтатқаннан кейін жеке кітап­хана мен жеке мұрағат Қазақстан Респуб­ликасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының меншігіне өтеді.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зидентінің – Елбасының туған же­рінде және Қазақстан Республикасының астана­сында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының мұражайлары құрылады және оның бюстері орнатылады.

10-бап. Медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету

Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Елба­сының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындауды тоқтатқан күнге дейін оларға көрсетіліп келген көлемі мен түрлеріндегі тегін медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу құқығы өмір бойы сақталады.

11-бап. Зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру

Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сы жасына қарамастан Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы алуға құқылы. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Елба­сының зейнетақысы Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық жалақысының өсуі есепке алынып көтеріліп отырады.

Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің – Елба­сының өмірі мен денсаулығы республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы Президентінің – Елба­сының жылдық лауазымдық жалақысына тең сомада міндетті мемлекеттік сақтандырылуға тиіс.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен – Елба­сымен бірге тұрған әрбір отбасы мүшесіне ол қайтыс болған күнге дейін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қарттығына байланысты зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалады.

Осы Конституциялық заңда көзделген кепілдіктермен қатар өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елба­сына және оның отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де кепілдіктер берілуі мүмкін.

12-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз етудің қаржы­ландыру көздері және өзге де мәселелері

Осы Конституциялық заңда көз­дел­ген шығыстарды, оның ішінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының қорын толықтыру мен ұстауға және оның үй-жайларын күзе­туге, жеке кітап­ханасы мен жеке мұра­ғатын сақтауға көз­делген шығыстарды қаржыландыру рес­публикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүше­леріне тұрғын үй, медициналық, санаторий-курорттық, көліктік және өзге де қызмет көрсетуді уәкілетті мемлекеттік органдар қамта­масыз етеді.

13-бап. Осы Конституциялық заңды күшіне енгізу тәртібі

2001 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізілетін 2 және 9-баптардың нормаларын қоспағанда, осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының
Президенті


 
Конституциялық заңдар