2008 жылғы 5-6 наурыз аралығында Украинаның Президенті В.А.Ющенконың Қазақстан Республикасына ресми сапары болды.
Сапар шеңберінде Украина Президенті В.А.Ющенконың Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Төрағасы А.Е.Мусинмен, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовпен кездесулері мен келіссөздері өтті.
Достық пен іскерлік ахуалында өткен келіссөздер кезінде көкейкесті өңірлік және халықаралық проблемалар бойынша екі жақты және көп жақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасу болды.
Қазақстан Республикасы мен Украина Президенттері бүгінгі таңда өзара мүдделілік білдірілетін барлық салалардағы әріптестік қатынастарды ашықтық пен өзара түсіністік рухында тереңдету мен дамыту үшін жаңа кең ауқымды мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті мен Украинаның Президенті екі ел арасындағы әріптестік пен достық қатынастарды одан әрі тереңдету мақсатында жоғары деңгейдегі сындарлы диалогты жалғастыруға, заң шығарушы органдар, үкіметтер, жергілікті билік органдары, сондай-ақ қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге айрықша мән береді.
Екі ел Президенттері ынтымақтастықты үдету негізінде 2007 жылы Украинада Қазақстан жылының өткізілуі және Украина Президенті В.А.Ющенконың Қазақстан Республикасына сапары кезінде ресми ашылуы болған, 2008 жылы Қазақстанда Украина жылын өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы мен Украина қазіргі бар, соның ішінде Қазақстан-Украинаның 2007-2008 жылдарға арналған Іс-қимылдар жоспарында белгіленген уағдаластықтарды орындауға зор маңыз бере отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге деген ұмтылыстарына берік.
Келіссөздер барысында өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көшу үшін екі елдің әлеуетін пайдалануға белсенді жәрдемдесуге арналған Қазақстан-украина экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы жұмысының ерекше мәні атап көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Президенті мен Украина Президенті мұнай-газ секторы, машина жасау, ғарышты бейбіт игеру, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық және әскери-техникалық ынтымақтастықты қоса алғанда, энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың қажеттігін мойындайды.
Екі ел Президенттері Қазақстан Республикасының аумағында атом электр стансаларын, электр энергетикасы нысандары мен көліктік инфрақұрылым салу жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделілік білдірді.
Қазақстан Республикасы мен Украина 1991 жылғы 17 желтоқсандағы Еуропалық энергетикалық хартия мен 1994 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық хартияға Шарт негізінде энергетикалық салада өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтеді, ғаламдық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, соның ішінде екі елдің тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесетін энергокөліктік дәліздерді дамытуға бағытталған өзара іс-қимылға бейілділік білдіруде.
Қазақстан Республикасы мен Украина еуропа рыноктарына қазақстан мұнайын тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Одесса-Броды-Плоцк мұнай құбыры жүйесінің жобасын дамытудың ұзақ мерзімді перспективаларын қарастыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниетті.
Қазақстан Республикасы мен Украина Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасымалдауды кеңейту мен көліктік-коммуникациялық байланыстарды дамытуды ынтымақтастықтың басымдықты міндеттерінің бірі деп санайды.
Қазақстан Республикасы мен Украина Шығыс-Батыс көліктік дәлізін дамыту мен жұмыс істеуі мәселелерінде белсенді ұстаным ұстанады және Қазақстан мен Украина аумағы арқылы жүктердің транзитін қамтамасыз ететін бірлескен жобаларды іске асыруда өзара іс-қимылдың маңыздылығын мойындайды.
Қазақстан Республикасының Президенті мен Украина Президенті гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы көқарасты жетілдіру шеңберінде мәдениет, білім беру, ғылым, туризм, дене шынықтыру және спорт салаларындағы шарттық-құқықтық базаны дамыту мақсатында, аталған саладағы өзара міндеттемелердің барлық спектрін қайта қарау туралы уағдаласты.
Қазақстан Республикасы мен Украина азаматтардың көші-қон процесін реттеу, екі ел азаматтарының өзара сапарларын кеңейту, Қазақстан мен Украинаның халықаралық міндеттемелеріне сай екі мемлекет аумақтарында жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде өзара қолайлы шешімдерді табуды жалғастыратын болады.
Халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі құралдарының, психотропты заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, қару мен адамдардың заңсыз саудасына, жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы күресте Қазақстан Республикасы мен Украина халықаралық күш-жігерлерді топтастыру қажеттігін құптайды.
Екі ел Президенттері БҰҰ мен оның мамандандырылған құрылымдарының, сондай-ақ әр түрлі халықаралық және өңірлік ұйымдардың шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендіктерін және халықаралық жанжалдарды шешудегі БҰҰ рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтеді.
Қазақстан Республикасы мен Украина Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі өзара ықпалдасуды жалғастырады және көп жақты, ең алдымен экономикалық саладағы ынтымақтастықты дамытуға зор маңыз береді.
Украина Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесінде қолдау көрсетуге ниет білдірді.
Қазақстан Республикасының Президенті мен Украина Президенті Қазақстан мен Украина арасындағы барлық қол қойылған екі жақты келісімдерге ерекше мән беріп, оларды мемлекетаралық қатынастарды нығайту үдерісіндегі іргелі үлес деп қарайды. Қазақстан Республикасы мен Украина екі жақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасын кеңейту бойынша күш-жігер жұмсай отырып, бұрынырақ қол қойылған шарттар мен келісімдердің іс жүзінде орындалуы үшін пәрменді шаралар қабылдайтын болады.
Қазақстан Республикасының Президенті мен Украина Президенті осы Бірлескен мәлімдеме Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қатынастарды үдетуге және жан-жақты дамытуға қызмет ететіндігіне сенім білдірді.
Астана, 2008 жылғы 6 наурыз
Жоғары әскери және арнаулы атақтар беру туралы
"Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы".
Қазақстан халқы Ассамблеясының он тоғызыншы сессиясын шақыру туралы
Бразилия Федеративтік Республикасында Қазақстан Республикасының Елшілігін ашу туралы
Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Дипломатиялық миссиясын қайта ұйымдастыру туралы