Жаңалықтар

20 маусым 2013
Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Шет елдерде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

 

– Президенттік «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығы тұсында қалыптасқан мемлекеттің алдына қойған жаңа міндеттерді ескере отырып, осы жылдары шет елдерде кадрлар даярлауда жинақталған тәжірибені егжей-тегжейлі сараптап, топтастыруымыз  қажет. Елімізге шет елдерден оралған стипендиаттар жұмсалған шығынның орнын толтырып, артылған үмітті ақтауы тиіс. Сондықтан да шет елдердің жетекші жоғары оқу орындарына білім алуға баратын әрбір үміткердің оқуға деген әлеуетті мүмкіндіктерін тиянақты зерделеуіміз қажет. Іріктеу объективті әрі қатаң түрде өтуі тиіс. Бізге «екпінді толқын» керек. Президенттің «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіз Қазақстанға қажетті халықаралық деңгейдегі мамандардың алғашқы буынын даярлаудағы өзінің маңызды міндетін орындады, – деді  ҚР Мемлекеттік хатшысы отырыстың ашылуында.

Отырыста басымдық берілген мемлекеттік және салалық бағдарламалар үшін мемлекеттік қызметшілерді, ғылыми-педагогикалық, инженерлік және медициналық кадрларды нақтылы даярлаудың тетіктерін қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер қаралды.

Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов өз баяндамасында байқауға қатысудың қолжетімділігін арттыру, өңірлік және әлеуметтік теңгерімсіздікті төмендету мақсатында конкурстық рәсімдер бүкіл жыл бойы жүргізілетінін атап өтті. Білім саласы басшысының пікірінше, аталған шара конкурсқа қатысуды мейлінше жеңілдетіп, өткізу мерзімдері мен үміткерлердің оқу кезеңін нақты жоспарлауға мүмкіндік туғызады.

Биыл шет елдерде білім алуға  үміткерлер арасында «Білім беру мен тәрбие берудің теориясы және әдістері», «Педагогикалық диагностика, білім беруді бағалау және сапасын басқару», «Көлік, көліктік техника және технологиялар» сияқты мамандықтар елеулі сұранысқа ие болды.

2013 жылға бөлінген стипендияның жалпы саны – 1093.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар