Бөлімдер санаты

Сөйлеген сөздер мәтіндері

6 наурыз 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың «Әйелдер – Тәуелсіздік дәуірінің тірегі» атты мақаласы

Міне, мәңгілік өмірдің, сарқылмас мейірім мен жарқын үміттің белгісіндей табиғаттың тағы бір керемет кезі – шуақты көктем де келіп жетті. Жан-жүректі жадырататын бұл мереке өткен ғасырдан бері жер шарының әр қиырында 8 наурыз сайын атап өтіледі. Оны бәрі – жас та, кәрі де күтіп, дайындалады. Халықаралық Әйелдер күні біздің елде мемлекеттік мерекелер арасындағы танымалдығы жөнінен Жаңа жылмен ғана теңеседі десем, қателеспеспін деп ойлаймын.

Бүгінде көпшілік, сірә, бұл күннің бастапқы тарихын ұмытып та кетсе керек. Ал ол тіпті де мерекелік іс-шара ретінде басталмаған. XX ғасыр басында әлемді өз құқығы үшін үн көтерген әйелдер маршы дүр сілкінтіп, олардың жан-жақты азаттығы үшін басталған қозғалыс пайда болды. Қазір енді тарихи белеске айналған 1910 жылы Клара Цеткин халықаралық Әйелдер күнін белгілеуді ұсынды. Жер бетіндегі талай идеологиялық және формациялық сілкіністерді бастан кешкен, біздің елдегі ең сүйікті де мерейлі мерекенің бірі сол кезден бері тойланып келеді.

Бұл мерекенің Қазақстанда өз рухани берік негізі бар екенін айта кету керек. Елімізде ежелден халық болып әйелдер қауымын қастерлеудің оларға шынайы құрмет көрсетіп, сүйіспеншілік арнаудан көрінетін сан ғасырлық киелі дәстүрі қалыптасқан. Ол бүгінгі егемен ел ретінде даму кезеңінде – Тәуелсіздік дәуірінде де өзінің қисынды жалғасын тауып отыр.

Сондықтан да Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «отбасында және қоғамда әйел сыйлы болса, еліміз үшін алаңдамауға болады» деген еді.  

Бүгінде Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең қуатты 30 мемлекеттің біріне айналуды мақсат ете отырып, жүйелі түрде дамып келеді. Біздің толыққанды қалыптасқанымыз және бір орында тұрып қалмай, күн сайын ілгерілеп отырғанымыз – ең әуелі Тұңғыш Президентіміздің еңбегі. Оның тегеурінді көшбасшылығы, сарқылмас күш-жігері және қуатты харизмасы арқасында әлемнің барлық жерінде біздің елді, ұлтымызды жақсы біледі. Осынау орасан зор табысқа Қазақстан әйелдерінің – асыл аналардың, егістікте, зауытта адал еңбек етіп, қарапайым мұғалім, дәрігер болып, ғылым мен мәдениет саласында жарқырай көрінген талантты қыз-келіншектердің қосқан үлесі аз емес.

Әрине, Мемлекет басшысының әйелдерге көрсетіп келе жатқан жүйелі қолдауынсыз ел дамуына олардың елеулі үлес қосуы неғайбыл еді. Бүгінде Қазақстанда қажетті отбасылық-гендерлік саясат жүзеге асырылуда, отбасыға, ана мен балаға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі қалыптасқан. Соның арқасында жаңа қазақстандық әйел – Ұлттың Өркендеу кезеңіндегі әйел тарих сахнасына шықты. Ол байырғы Ұлы Дала елі ұрпағының дәстүрлі рухани-ізгі озық қасиеттерін –  мейірім мен нәзіктікті, махаббат пен түсіністікті, сырт көз байқамауы мүмкін емес бай мәдениет мен ішкі ибалылықты бойына жинақтай білді. Бізбен замандас әйел заты көбіне білімді, төл мәдениеті мен дәстүрін, тілін жақсы меңгерген, тарихынан хабардар және өзін үнемі жетілдіріп отыратын жан болып келеді.

Бірақ бәрі әрдайым дәл қазіргідей емес еді. Бүгінде көпшілік Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезін ұмытып та кетті. Ол қиын да күрделі уақыт болатын. Баршаға ауыр тиді. Әлбетте, әсіресе әйелдерге. Тарихымыздың ол кезеңі туралы талай айтылып-жазылды. Алайда әлі күнге дейін бәрін тұтас қамтыған толыққанды байыптама жасалған жоқ еді.

Сондықтан ел тәуелсіздігінің символы – Астананың 20 жылдық мерейлі белесінде Мемлекет басшысының бізге тарихи көсемсөздің нағыз көпшілікқолды үлгісі – «Тәуелсіздік дәуірі» басылымын тарту еткенінің мәні зор. Ол кітап туралы көп адам пікір білдірді, мен тек бір ғана нәрсені айта кеткім келеді – еліміз және қызығушылық танытқан жаһан жұртшылығы Қазақстанның жаңа тарихы жөніндегі айқын анықтамалыққа мұқтаж болатын.

Осынау тамаша монографияда Елбасы Тәуелсіздік кезеңінің жүйелі дәуірленуін кең айналымға енгізді. Соған сүйене отырып,  Қазақстанның қалыптасуына, нығаюына және дамуына әйелдер қауымының, Президенттің бекем ұжымдық серіктестерінің атсалысуы жөніндегі бірер ойымды ортаға салғым келеді.

Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының бастапқы кезеңінде (1990-шы жылдардың бірінші жартысында) біздің елдегі әйелдердің еншісіне ауыр сынақ тиді. Елде жұмыссыздық жайлап, тұрмыс деңгейі күрт төмендеді, рухани-адамгершілік құндылықтар аяқ асты болды.

Бұрынғы білікті мұғалімдер, дәрігерлер, қатарында дәстүрлі түрде әйелдер көп өзге мамандықтар өкілдері ұсақ коммерциямен айналысуға мәжбүр болды. Олар өздерінің бейнетті еңбегімен нарық иірімдеріне беймәлім түйсікпен араласып, елдің жаңа экономикасын қалыптастыруға атсалысты.

Нақ сол кезде Мемлекет басшысы «алдымен – экономика, содан соң – саясат» қағидатын енгізді. Қазақстанымыздың бүгінде жаһандық нарық экономикасының хрестоматиясы саналатын бірегей жолы осылай басталды. Ең әуелі кәсіпкерлікті қалыптастыру міндеті алда тұрды, бұл отандық бизнесті, соның ішінде кәсіпкер әйелдерді қолдаудың шетелдік инвестиция тарту, қолайлы бизнес ахуалы мен тиімді қаржы тетігін  қалыптастыру және өзге де әдістерін қамтыды.

 «Қазақстан бола ма, бордай тоза ма?» деген мәселе күн тәртібінде тұрды. Заманның қиындығына қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасымен сол кездің өзінде әйелдерді, ана мен баланы қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат әзірленіп, жүйелі түрде жүзеге асырылды.

Президент әйелдер қоғамдастығын институттандыру ісін өмірге сәйкес айқын да ақылға қонымды түрде жүргізбейінше оның бірлігі мен тұтастығына қол жеткізу мүмкін емес екенін жақсы түсінді.

Елбасы 1995 жылы медицина ғылымдарының докторы Нина Каюпова басқаратын Отбасы, әйелдер проблемалары және демографиялық саясат жөнінде кеңес құру туралы тарихи шешім қабылдады. Сол жылы Бейжіңде өткен БҰҰ-ның әйелдер жағдайы жөніндегі IV Дүниежүзілік конференциясында Қазақстан отбасы және әйелдер мәселесімен айналысатын консультативтік-кеңесші органы бар санаулы мемлекеттер қатарында болғанын айта кеткім келеді.

Елде әйелдердің алғашқы үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) құрыла бастады. Олардың арасынан Феминистік лиганы, Республикалық Әйелдер кеңесін, Қазақстан әйелдері одағын, т.б. ұйымдарды атауға болады. Олар қайырымдылықпен айналысушылар қозғалыстарының негізін салып, болып жатқан ауқымды өзгерістердің олқысын толтыруға септескенін айта кету керек. Ал қайырымдылық істерінің бастауында елдің Бірінші ханымы Сара Назарбаева тұрды. Ол басшылық еткен «Бөбек» қоры барлығы үшін нағыз үлгі-бағдар болды.

Аталған кезеңде шешім қабылдау деңгейіне көтерілген әйелдер өкілеттігі қазіргідей ауқымды емес еді. Дегенмен, әйелдерге дәл бүгінгіше ең жоғары қызметтер сеніп тапсырылды. Мәселен, Зәуре Қадырова – әлеуметтік қорғау министрі, ал Бірғаным Әйтімова жастар ісі, туризм және спорт министрі болып тағайындалды.

Мемлекеттілікті нығайту мен дағдарысты еңсерудің екінші кезеңінде (1990-шы жылдардың екінші жартысында) халықтың  39%-ы әлі кедейлік шегінде еді. Бірақ нарықтық өзгерістер арқасында әлеуметтік-экономикалық ахуал біртіндеп түзеле бастады. Елге шетелдік инвестиция жол тартты. Сөйтіп, 1999 жылдан бастап ұлттық экономика еңсесін көтерді.

Мемлекеттің қалыптасу үдерісінде әйелдер капиталының маңызы арта түсті. Қазақстан әйелдер құқығын және гендерлік мейнстримингті қамтамасыз ету саласында бірқатар негізгі халықаралық актілерді ратификациялады. Олардың қатарында БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы», «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Бірдей еңбек үшін ерлер мен әйелдерді тең көтермелеу туралы» және т.б. конвенциялары бар.

Президент Қазақстан Республикасында Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясат тұжырымдамасын бекітті, ал 1998 жылы Мемлекет басшысы жанынан Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Ол елдегі әйелдер мүддесін көздейтін, мемлекеттік органдар мен халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар арасын байланыстыратын дәнекерге айналды. Биыл Ұлттық комиссия өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оның алдағы басты мереке – Астананың 20 жылдығымен орайлас келуінің ерекше символдық мәні бар!

1999 жылы Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-әрекеттің ұлттық жоспары қабылданды. Жоспар елдегі әйелдер әлеуетін дамытуға септігін тигізіп, олардың мүмкіндіктерінің аясын кеңейтті.

Мәселен, әйелдер бизнесі өз ахуалын айтарлықтай нығайтты. Жүйесіз ұсақ саудамен айналысушылар кәсіпкерліктің қыр-сырын іс жүзінде меңгере отырып, біртіндеп нағыз коммерсанттарға айналды. Қазақстан Республикасында шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдаудың 1999-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Онда субъектілер санын – 500 мың, ал жұмыспен қамтылғандар санын 2 млн. адамға дейін жеткізу міндеті қойылды. Бұл ретте ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 15%-ға дейін жетуге тиіс болды.

Аталған кезең елдегі ҮЕҰ-да әйелдер секторының жандануымен ерекшеленді. Олардың арасында Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Шығармашылық бастама көтеруші әйелдер лигасы», Мүгедек әйелдердің республикалық қауымдастығы және т.б. ұйымдар көп жұмыс жүргізді.

Орталық басқару органдарында әйелдер қоғамдастығы атынан Ұлттық комиссия төрайымы, елдің министрі қызметін атқарған  Айткүл Самақова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Наталья Коржова және т.б. өкілдік етті.

Әлемдік дағдарыстан шығу және әрі қарай даму жалғасқан үшінші кезеңде (2000-шы – 2010-шы жылдардың басында) ел экономикасының қарқынды дамуы барлық қазақстандықтардың мүддесіне тікелей қатысты ауқымды әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызды. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына қосылу міндеті алға қойылды. Дегенмен, әрине, аталған жылдардың ең жарқын жетістігі – болашақпен жарысқан жаһандық мегаполис Астана. Елбасының ғаламат идеясының жүзеге асуы және Қазақстан халқының ерен еңбегінің жемісі.

Астана бүкіл елді магистральды локомотив тәрізді алға сүйреді. Экономика халықтың әл-ауқатына қызмет етуге тиіс екені мәлім. Сондықтан 2003 жылы Президент әлеуметтік шығыстардың деңгейі күрт көтерілетінін жария етті. Небәрі 1,5 жылда осы мақсат үшін 120 млрд-тан астам теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2006 жылдан бастап балалы отбасыларды қолдаудың тұтас жүйесі енгізілді.  Онда бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы төлеу; барлық отбасыларға бір жасқа толғанға дейін бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы төлеу; аз қамтылған отбасыларға балалары үшін 18 жасқа дейін берілетін жәрдемақы төлеу қарастырылды. Бұл жайт елдегі демографиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік туғызды. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 400 мыңдай бала өмірге келеді.

Нормативтік база жүйелі түрде жетілдірілді. Президент 2005 жылғы қарашада Гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясын бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Онда Мыңжылдықтың даму мақсаттарынан және Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы тұжырымдама ережелерінен туындаған нақты 60 индикатор қарастырылды. Стратегияны жүзеге асыру аясында 2009 жылы екі маңызды заң – «Ерлер мен әйелдердің тең құқығы мен тең мүмкіндіктеріне берілетін мемлекеттік кепілдіктер туралы», «Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды.

Экономиканың қарыштап дамуы әйелдер бизнесінің де дамуына оң әсер етті. Жаппай заңи білім беруге ден қоя отырып, ауыл әйелдеріне ерекше көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде елде жаңа феномен – қазақстандық әйелдер бизнесі қалыптасты.

Бұл кезде ҮЕҰ қарқынды дамыды. 2003 жылы I Азаматтық форум өтті, 2005 жылы «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң қолданысқа енгізілді. Тек әйелдер бірлестіктерінің өзі 300-ге жуықтады. Сол уақыттағы ҮЕҰ көшбасшылары арасынан Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағын, «Status» әйелдер федерациясын, «Подруги» қоғамдық қорын және тағы басқа ұйымдарды ерекше атап өткен жөн.

Әйелдер атынан жоғары деңгейде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова, білім және ғылым министрі Шәмша Беркімбаева, тағы басқалар сәтті өкілеттік етті.

Қалыптасқан мемлекеттің жаңа жаһандық жағдайдағы төртінші кезеңіне (2010-шы жылдар) Қазақстан әлемдегі мейлінше дамыған 50 мемлекет клубының мүшесі ретінде батыл қадам басты.   

Цифрлық дәуірде туындаған жаңа сын-қатерлер ел алдына жаңа міндеттер қоюда. Еегжей-тегжейлі ойластырылған «Қазақстан – 2050» стратегиясы біздің соған лайықты жауабымыз болып саналады.

Бүгінде еліміз Ұлт жоспарын, Үшінші жаңғыруды, Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын жүзеге асырып, оған әйелдер қауымы да белсене атсалысуда. Елде өмір сүріп жатқан 18 млн-нан астам адамның арасында әйелдердің саны – 9,2 млн. (51,6 %).

Адамның адамдығының бір өлшемі еңбек екені белгілі. Ендеше, бұл тұрғыда ахуал қандай дерсіз?

Қазақстан Республикасындағы жұмыс күші 2016 жылы 9 млн. адам болды. Экономиканың түрлі салаларында 8,6 млн. адам еңбекпен қамтылды. Бұл ретте еңбекпен қамтылған әйелдер саны –   4,1 млн. адам (48,1%), соның ішінде жалдамалы жұмыс істейтіндер  – 3,1 млн. (75,7 %), формальды түрде еңбекпен қамтылғандар – 1 млн. (24,3%) адамға жетті. Әйелдер барлық жұмыспен қамтылғандарға шаққанда, тиісінше, экономиканың денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер көрсету саласында – 74,5%, білім беру саласында – 74%, күнкөріс және тамақтандыру қызметінде – 72,9%, саудада – 59,8%, қаржы және сақтандыру қызметінде – 59,1%, өнер, көңіл көтеру және демалыс саласында – 57,4%, ауыл шаруашылығында – 44,2% басымырақ жұмыс істейді.  

Шағын және орта бизнеске қатысты мынадай сандық көрсеткішті атап өте аламын: бүгінде 500 мың кәсіпорынды әйелдер басқарады. Олар 964 мың жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр.

Бұған Бизнестің жол картасы – 2020, Өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының түрлі бағдарламалары септігін тигізуде. Мәселен, 2010 жылдан бері «Даму» қоры тарапынан кәсіпкер әйелдердің жобаларын жеңілдікпен несиелеу үшін екінші деңгейлі банктерде шарттастырылған қаражатты таратып үлестіру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін 1,5 мың кәсіпкер әйелге 14,2 млрд. теңге қаржы берілді.

Сондай-ақ Үкімет пен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы келісім негізінде «Бизнестегі әйел» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айта кеткім келеді. Оған сәйкес шағын және орта бизнестегі 12 мыңнан астам субъектіге жалпы құны 17 млрд. теңге несие бөлінді. Бұл – Орталық Азиядағы әйел басқаратын және еңбеккерлері 50%-дан кем емес кәсіпорындарды қаржыландыруға бағытталған бірден-бір бағдарлама.

Ұлттық саясаттың денсаулық сақтау саласындағы басымдығының бірі – ана мен баланы қорғау. Президент айтқандай, Тәуелсіздіктің басты жетістігі – адамның өмір жасының осы жылдар ішінде қол жеткізілген орташа ұзақтығы. Бүгінде ол 72,5 жасқа таяды.

Бұған, атап айтсақ, 2011 – 2015 жылдары табысты жүзеге асырылған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасы септігін тигізді. Онда алғашқы медициналық көмекті дамытуға, озық медициналық технологиялар әзірлеп, енгізуге, мобильдік медицинаны және телемедицинаны, санитарлық авиацияны әрі қарай дамытуға баса ден қойылды. Соның нәтижесінде жалпы өлім-жітім деңгейі – 14%-ға, соның ішінде ана өлімі – 1,4 есе (аман-есен туған 100 000 сәбиге шаққанда – 12,7), сәбилердің шетінеуі 1,5 еседен де көп төмендеді (дүниеге келген 1000 сәбиге шаққанда – 8,59).  

Қазіргі кезде 2016 – 2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол қол жеткен жетістікті сақтауға бағытталған және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту негізіне айналмақ.

Елді демократияландырудың индикаторының бірі азаматтық қоғамның даму деңгейі екені мәлім. Егемендік  жылдары Қазақстандағы әйелдердің тәуелсіз ҮЕҰ-лары әйелдер мүмкіндіктерін кеңейтуге елеулі үлес қосты. Азаматтық секторды дамыту түрлі әлеуметтік мәселелердің шешімі табылуына оң ықпалын тигізді. Әйелдер көшбасшылығы мектептерінің республикалық желісі құрылып, оған 70 шақты ұйым кірді. Елдің барлық өңірінде «Саясаткер әйелдер клубтары» жұмыс істейді. ҮЕҰ арасынан Әйелдер бастамаларының «Сана сезiм» құқық орталығы, Дағдарыс орталықтары одағы, «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер қауымдастығы тәрізді және т.б. көптеген  ұйымдарды айрықша атап өткім келеді.

Мемлекеттік саясаттың ерекше бағытының бірі – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес. Посткеңестік кеңістік бойынша біздің елде ғана әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнаулы бөлімшілер жұмыс істейтінін айта кету керек.

2010 жылдан бері «Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң қолданылып келеді, соның нәтижесінде тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық деңгейі төмендегені аңғарылады. Егер 2010 жылы 745 факт тіркелсе, бұл көрсеткіш 2017 жылы 445 қылмысқа дейін немесе 40% азайған.

Бүгінде Бас прокуратураның бастамасымен, Ұлттық комиссияның қолдауымен «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Жол картасы әзірленіп, Оңтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба жүргізіліп жатыр.

Өздерінің мүмкіндіктерін кеңейту үшін әйелдер шешім қабылдау деңгейінде өкілдік етуі қажет екен анық.  Қазақстанда бұған барлық жағдай жасалған. Бүгінде Мәжілісте әйелдердің үлесі – 27,1%, жалпы Парламентте 33 әйел бар немесе олар – барлық депутаттың 22%-ын құрайды. Еуропаның көп елдеріндегі цифрмен салыстырғанда бұл – лайықты көрсеткіш. Таяуда ғана министрлер корпусына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басшылығына тағайындалған Мәдина Әбілқасымова қосылды.

Әйелдердің барлық деңгейдегі мәслихаттардағы үлесі де – 22 %. Көш басында Қостанай облысы тұр, онда әйелдер өкілеттігі 30%-дық межеден асып, 31,6%-ға жетті.

Саяси партияларға келсек, олардағы әйелдер өкілеттігінің мөлшері  – 33-тен 57%-ға дейінгі аралықта.

Қазіргі кезде Индустрия 4.0 жаңа, «ақылды» экономикаға негізделген жаңа даму белесіне көтерілу үшін бізге жаңа бірегей мүмкіндіктер беріп отыр. Әрине, бүкіл әлеуметтік сала да жаңа сын-қатерлерге бейімделе отырып, лайықты дәрежеде жаңғыруға тиіс.

Осыны ескерген Президент 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті. Онда нақты міндеттер мен мақсатты индикаторлар көрсетілген. Тұжырымдаманы әзірлеу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мемлекеттік басқару, білім беру, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік салаларындағы гендерлік саясат мәселелеріне қатысты 30 шақты ұсынымы ескерілді. Бұл –  Қазақстанның ЭЫДҰ және Орнықты даму мақсаттары аясында қабылданған халықаралық міндеттемелерді қолдайтынын айғақтайтын ұзақ мерзімге арналған іргелі құжат.

Тұжырымдамада отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды, өскелең ұрпақтың тән саулығына қоса интеллектуалды және рухани дамуын дәріптеу мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұған отбасының қоғамның негізі екендігі және шын мәнінде сапалы «адами капитал» қалыптастыратындығы себепші болып отыр. Отбасылық дәстүрлер қоғамда биік моральдық құндылықтар мен нағыз руханилықты сақтауға септеседі. Олардың өзегінде отбасының, бүкіл қоғамның беріктігінің формуласы жатыр. Сондықтан қазіргі заманғы берік отбасыны нығайта түсу – жаһандық сын-қатерлерді жоюдың негізі.

Бұл, әсіресе, Үштағанды өзгерістер аясында жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау үшін аса маңызды.

Осы мақсатпен Президент мынадай маңызды шешімдер қабылдады: Отбасы күнін белгілеу; жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу; балалардың құқығын қорғау және заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева басшылық ететін Балалар құқығы жөніндегі уәкіл институтын енгізу.

Сонымен қатар бала тәрбиесінде әкенің беделін одан әрі арттыру үшін «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі және оның 8 өңірдегі өкілдігі құрылды.

Ұлттық комиссияның бастамасымен Астанада және Алматыда жыл сайын өтетін  Республикалық Әкелер форумы олардың үнқатысу алаңына айналды. Биыл ІІІ Республикалық Әкелер форумын Ақтөбеде өткізу жоспарланған, онда 2018 жыл Балалар жылы болып жарияланды.

Жаһандану жағдайында сыртқы саясат саласындағы қызмет Ұлттық комиссия жұмысының басымдығының бірі болып саналады.

Өткен жылдар ішінде көптеген халықаралық ұйымдармен арада сындарлы ынтымақтастық жолға қойылды. ҚР-дағы БҰҰ Даму бағдарламасымен (ПРООН), «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қорымен (ЮНФПА), БҰҰ балалар қорымен (ЮНИСЕФ), Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның  Астанадағы Бағдарламалар офисімен, ЭЫДҰ-мен, Еуропалық Одақпен, сондай-ақ Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Азия даму банкі (АДБ) тәрізді қаржы ұйымдарымен бірлескен жұмыстар табысты жалғасуда.

«АСТАНА ЭКСПО-2017» ұлттық жобасы аясында Ұлттық комиссия Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форум өткізгенін, оған әлемнің 25 елінен 300-ден астам делегат қатысқанын айрықша атап айтқым келеді. Форум көрменің маңызды 15 іс-шарасы тізбесіне енгізілді.

Тағы бір елеулі бағыт – БҰҰ-дағы жұмыс. Жақында Қазақстан Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі БҰҰ конвенциясының орындалу барысы туралы кезеңдік бесінші баяндаманы жолдайды. Онда әйелдердің экономикалық, әлеуметтік, азаматтық және саяси құқықтарын қамтамасыз ету саласында біздің ел 2011-2017 жылдар кезеңінде қол жеткізген негізгі нәтижелер туралы ақпарат көрініс табады.

Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік алшақтық индексінде Қазақстан 2017 жылдың қорытындысы бойынша 144 ел арасынан 52-орын алды. Бұл ретте «әйелдердің экономикаға атсалысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші бойынша – 30-шы, «денсаулық индексінен» – 36-шы, «білім беру деңгейінен» – 48-шы орын алғанымыз көңіл қуантады.

Жалпы, сабақтастық, прагматизм, сындарлылық қағидаттарына сүйенетін Қазақстандағы отбасылық-демографиялық саясат –  мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығының бірі, ол қоғам бірлігіне, жаңа жаһандық ахуал жағдайында отбасы институтын нығайтуға бағытталған.

Осынау жарқын жетістіктің барлығына тек Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бізге, елдегі әйелдер қауымына деген қамқорлығының арқасында ғана қол жеткізу мүмкін болды.

Біз бұл жан-жақты да шынайы жанашырлықты әрдайым және барлық жерде бүкіл Тәуелсіздік кезеңі бойы жіті сезініп келеміз. Меніңше, Президентіміздің көрнекті Көшбасшы ретіндегі барлық игі істерінің түп-төркінінде оған Жаратушы дарытқан ізгілік жатыр.

Кезінде ежелгі грек философы Платон ең басты адами қасиеттер ретінде саналылық, әділдік, батылдық және сабырлылықты атаған екен. Соның барлығы біздің Мемлекет басшысының бойында бар.  

Таң шапағы елінде жүректі күн сайын, жыл сайын, тіпті ұйықтап оянғанда да үнемі тазартып отырған жөн деп санайды. Біз Тұңғыш Президентіміздің ұдайы өз-өзін рухани жетілдірумен айналысатынын  білеміз. Осынау пайым оған әбден таныс деп ойлаймын. Ғаламат жоба  «Рухани жаңғыру» – соның айқын айғағы.

Халық өз көшбасшысының орасан көп игі істеріне қолынан келгенше, жан-дүниесінің бар жылуы арқылы жауап қатады. Басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені, Ұлы Дала елінің Ұлы халқына тек Ұлы Елбасы ғана  жетекшілік ете алады ғой!

Санаулы күндерден соң 8 наурыз да келеді. Қазақ ежелден «Әйел – үйдің қазығы» деп білген. Біз – әйелдер, отбасының шырағымыз, мемлекеттің тірегіміз. Сондықтан, қадірлі ханымдар, баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін.

 

Келе жатқан мерекелеріңізбен!


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері