Бөлімдер санаты

Сөйлеген сөздер

29 қыркүйек 2015
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзі

 

Құрметті Төраға мырза!
Құрметті Бас хатшы мырза!
Құрметті әріптестер!
Ханымдар мен мырзалар!

Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық мерейтойы тұсында бұл ұйымның негізін қалаушылар оған қандай терең мағына бергені жөнінде ой бөлісу маңызды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы қазірдің өзінде жаһандық тұрғыдан тарихи мәні бар міндеттерді орындады.
Біріншіден, планетамызда адамдар жетпіс жыл бойы дүниежүзілік соғыссыз өмір сүріп келеді.
Екіншіден, әлемде аса ауқымды отарсыздандыру жүзеге асырылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымын 70 жыл бұрын елу бір мемлекет құрды. Ол кезде әлемнің көп бөлігін колониялар мен тәуелді аймақтар алып жатты.
Бүгінде әлемдік қоғамдастықта 193 тәуелсіз ел бар.
Үшіншіден, Біріккен Ұлттар Ұйымы күн сайынғы, қиын, бірақ қауіпсіздік пен даму үшін баршаға қажетті үнқатысудың бүкіләлемдік мінберіне айналды.
Адамзат одан өзінің әралуандықтағы бірлігін, біздің ғажап бірегей планетамыздың тағдырына қатыстылығының ортақтығын сезінеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін салушылар алдағы алыс болашаққа ой көзімен қарай білді.
Әлем бүгінде олардың бастамалары мен орындалған арманының жемісін көріп отыр.

Ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан халықаралық қатынастардағы өзара сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқықтың негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды.
Жетпіс жыл бойы әлемдік қоғамдастық әскери қақтығыстарды ақылға қонымды шешудің түйінін табуға тырысып келеді.
Бірақ қақтығыстар азаяр емес.
Олар кейбір елдерде мемлекеттілікті күйретудің салдарынан шектен шыққан халықаралық терроризмге ұласуда.
Адамзат соғыстардың алдын алу және қақтығыстардың салдарын еңсерудің ескірген тәсілдерінен оларды мән-мағынасыз ететін жаңа даму стратегиясына өтуге тиіс.
Ол үшін алыстағы болашаққа батыл көз салып, Біріккен Ұлттар Ұйымына 100 жыл толатын кездегі әлемнің қандай болатынын көре білуіміз керек.
Мен Жер бетіндегі өркениет таяудағы отыз жылда соғыстар мен қақтығыстардың шиеленген түйінін даналықпен тарқату үшін күш-жігер таба алатынына сенімдімін.
ХXI ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс.
Сол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын.
Оның мәні – барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстарға және нарықтарға қол жеткізуінің әділ шарттары негізінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру, сондай-ақ адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру.
БІРІНШІ. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму Кеңесіне айналдыруды ұсынамын.
Оның құрамына Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы сайлаған мүше мемлекеттермен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің барлық басшылары, соның ішінде Халықаралық валюта қорының да басшылары ене алар еді.
Кеңеске Жаһандық экономикалық реттеушінің міндеттері жүктелуге тиіс.
Кеңес жүзеге асыратын бүкіләлемдік жобалар жаһандық экономикалық өсім нүктелеріне айнала алады.
Бұл жаһандық дағдарыстар қатерін айтарлықтай азайтуға, сондай-ақ мемлекеттердің ұлттық экономика және әлеуметтік саясат мәселелеріндегі жауапкершілігін күшейтуге септігін тигізеді.
Жобасы Астана Экономикалық форумы аясында қызу талқыланып келе жатқан Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар идеясы өте өзекті болып көрінеді.
Әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселелер – терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар экономикалық дағдарыстың, кедейшіліктің, сауатсыздық пен жұмыссыздықтың салдарлары болып табылады.
Жаһандық дағдарыспен күресті қазіргі кезде заңдылық, демократиялылық, бәсекелестік, тиімділік және халықаралық бақылау ұстанымдарына сай келмей отырған эмиссия мен әлемнің резервтік валюталары айналымын реттеуден бастау қажет.
ХХI ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек.
Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлт үстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет.
ЕКІНШІ. Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудан соң 70 жыл өткенде ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісін адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты етуге шақырамын.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынамын.
Қазақстан – ядролық полигонды жапқан және ауқымы жағынан төртінші ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ Орталық Азияда ядросыз аймақ құрған тарихтағы тұңғыш ел.
Ядролық қарусыз аймақты әлемнің өзге өңірлерінде, соның ішінде Таяу Шығыста да құрған жөн.
Ядролық державалар ядролық қаруға иелік етуден бас тартқан барлық елдерге күш қолданбауға кепілдік беруге тиіс.
Біз Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раундын 2013 жылы Алматыда өткізуге бастамашы болдық.
Иран ядролық бағдарламасы бойынша жалпыны қамтитын іс-қимыл жоспарына қол қойылуын қоштаймыз.
Қазіргі таңда мемлекеттердің бейбіт мақсатта қолданылатын атомға және ядролық отынға кемсітусіз қол жеткізу құқығын кепілдендіру қажет.
Нақ осы себепті біз Қазақстанда МАГАТЭ-нің Халықаралық аз байытылған уран банкін құру туралы келісімді қолдап, қол қойдық.
Бұл – жаһандық ауқымдағы оқиға.
Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта қолданудың маңызды қадамы ретінде бағалауға тиіс.
Сонда атом энергетикасын дамытқысы келетін елдер үшін уранды өздері байытудың еш қажеттілігі болмайды.
Жаһандық антиядролық қозғалыс құру маңызды міндет болып отыр.
Жер бетіндегі әрбір адам ядролық сынақтарға тыйым салу ісіне өз үлесін қоса алады және солай болуға тиіс.
ҮШІНШІ. Халықаралық құқықтың қадірінің азаюы мен жаһандық институттар рөлінің әлсіреуі қауіпті сын-қатер болып отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы дүниежүзілік соғыстар мен әскери қақтығыстардың миллиондаған құрбандарының қанымен жазылғанын ұмытпау маңызды.
Оның баптарының, әсіресе, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі баптарының қандай да бір бұзылуы адамзатты өткеннің қасіретті қателігін қайталауға ұрындырады.
Санкцияларды Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде бағалап, олардың өз бетімен қолданылуын болдырмау қажет.
Миллиондаған адамдардың игілігіне әсер ететін халықаралық санкциялар қолдану құқығы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше құзырында болуға тиіс деп сенемін.
Бұл қағидаттарды сақтамау қазіргі әлемдік тәртіптің негіздерін ыдыратады, «қырғи-қабақ соғыстың» сарқыншағына айналады.
Әмбебап ұйым ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымын алмастыра алатын балама жоқ екенін атап айтқым келеді.
Елдердің өздерінің халықаралық міндеттемелерін орындауы қазіргі әлемдік тәртіптің ең басты мәселесі болып қала береді.
Қазақстан Украина дағдарысын бейбіт жолмен реттеуді және Минск келісімін қақтығысушы тараптардың толық орындауын дәйекті түрде жақтап келеді.
Қазір барлық күш-жігерді халықаралық қатынастарда үнқатысуды, өзара түсіністікті және сенімді қалпына келтіруге жұмылдыру керек.
Сол үшін 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыруды ұсынамын.
ТӨРТІНШІ. Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып барады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын.
Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын әзірлеп, қабылдау қажет.
БЕСІНШІ. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Баршаға арналған тұрақты энергетика» бастамасын қолдау үшін Астанада 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен бүкіләлемдік көрме өтеді.
Барлық мемлекеттерді көрмені дайындауға және өткізуге қатысуға шақырамыз.
Болашақты ескеріп, «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынамын.

Құрметті әріптестер!

Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «Жаңа Болашақ» (NEW FUTURE) концепциясын әзірлеу Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қадамы болар еді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл өткеннен кейінгі адамзат дамуындағы жаңа кезеңнің міндеттерін нақты айқындау қажет.
NEW FUTURE дегеніміз – ядролық, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі, сенім, өзара түсіністік және реформалар.
Қазақстан Еуразия өңіріндегі қақтығысушы тараптарды бітістіру үшін араағайындық жасауға күш салып келеді және күш сала бермек.
Аталған бағыттар мен қағидаттар Қазақстанның 2017-18 жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлану науқанына арқау болып отыр.
70-інші сессияға қатысушылардың барлығын біздің еліміздің кандидатурасын қолдауға шақырамын.
Ханымдар мен мырзалар!
70 жыл бұрын Женевада, жұмыс істеуден қалған Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабылданды.
Бұл сол кезеңде халықаралық қатынастар бойынша Батыс Жарты шарының ролі артқандығына байланысты болған еді.
Әлемді дамыту орталығы Кәрі құрлықтан Жаңа құрлыққа, Еуропадан жаһандық өрлеудің жаңа орны – АҚШ-қа, Нью-Йоркке ауысты.
Содан бері көп нәрсе өзгерді, әлем өзгеше қалыптасты.
ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады.
Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр.
Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор.
Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын.
Қазақстанның бастамаларын ұлттар қауымдастығы қабылдайды деп үміттенемін.
Назарларыңызға рахмет!

2015 жылғы 28 қыркүйек.


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер