Сөйлеген сөздер

10 сәуір 2015
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Елбасымен бірге – жаңа жеңістерге!» Жастар форумында сөйлеген сөзі

Қымбатты достар!

 Баршаңызды жастар форумының басталуымен құттықтаймын!

Бүгінгі форумның мақсаты – жаңа жаһандық жағдайда елімізді дамыта түсу үшін жастардың жігер, қуатын біріктіру. Сендер – жаңа Қазақстанның алғашқы буынысыңдар. Тәуелсіздіктің құрдастары мектепті бітіріп, жоғары оқу орнын тәмәмдап, маман болды, өмірге толығымен араласты.   

Жастың қуаты – білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Татулықты – тұрақтылықтың және тұрақтылықты – дамудың тұғыры еттік.  Біздің барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлік. Бірлігімізді  тұмардай сақтай білсек еліміз үшін алынбайтын белестер жоқ. Ол үшін әрқайсың өздеріңе жүктелген тарихи жауапкершілікті сезіне білулерің керек.

Мен ұлттың ұясы – Ұлытауда тарихымыз Ғұндар заманынан тамыр тартатынын айтқан едім. Ол Еуразияны ен жайлап, еркін билеген Түркі бабалармен, кейін Алтын Орда дәуірімен жалғасады. Биыл ел болып 550 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ хандығы да – ұлы дала шежіресінің жарқын беттері. Біз мыңжылдықтар тоғысында жаңа мемлекет құрдық. Батыр бабалардың арманын ақиқатқа айналдырдық. Тарихымыздың қай кезеңіне көз  салсақ та, ол – бірліктің жылнамасы. Қазақ әлсіресе – алауыздықтан әлсіреген, күшейсе – бірліктен күшейген. Бірлігі бар қазақты ешкім жеңе алмаған, жеңсе бір-біріне айдап салып жеңген. Бұл – тарихтың бізге берген тағылымы.

Мен еліміздің мәңгілік темірқазығы болатын идея төңірегінде азаттықтың алғашқы күндерінен толғандым. Ол – терең тарихтан бастау алуы және бүгінгі күннің мұраттарына сай келуі тиіс. Неше ғасыр өтсе де ескірмейтін, мәңгілік болашақпен сабақтасатын идея болуы қажет. Кезінде бабаларымыз «Мың жылға, түмен күнге жететін ұрпаққа өсиетімді мәңгі тасқа бәдіздедім» деп жазған. Сол өсиеттердің бірі – Тоныкөк абыз айтқан «Түрік жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деген сөз. Осынау бір ғана сөйлемге барлығы сыйып тұр. Бабалардың арманы, бүгінгі еліміз бен болашақ ұрпақтың биік мақсаттары, бәрі үндеседі. Қазақстанның ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел осыдан туындаған идея.     

Бабалардың тасқа басқан өсиеттерін іске асырып, Мәңгілік Ел болуға бет бұрдық.  Ұлттық идеяны іске асыруға белсене атсалысатын жас ұрпақтың алғашқы легі сендер боласыңдар! Түмен күнге жететін тәуелсіз ұрпақтың көші сендермен басталады.

Биыл – еліміз үшін мерейлі белестер жылы. Бір айдан соң Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Конституциямыздың 20 жылдығы – үлкен белес, оның арқасында ел болып, басқалармен терезелеріміз тең болып келе жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы көп ұлт пен ұлыстың басын қосып елімізде тыныштық орнатып, оның арқасында бүгінгі күнге жеттік.  Бұл шаралардың ел тарихындағы орны ерекше. 

Ұлы құндылықтарды ұлықтай білу – әрбір жастың, баршамыздың жауапкершілігіміз. Біздің тарихымыз – бірігудің тарихы екенін әрдайым есте сақтау керек. Патриот болу дегеніміз – өзіңнің ұлы даланың ұрпағы екеніңді мақтан ете білу. Еліңнің жарқын болашағын жасауға өз үлесіңді қосу. Бұл ретте, біз тағы бір тағдырлы сәттің табалдырығында тұрмыз.  Алда президент сайлауы келеді.  Әрбір азаматтың таңдауы – біріге келгенде тұтас елдің таңдауы.  Мен қазақстандық жастар жарқын болашақ үшін дауыс беретініне сенемін. Біз Мәңгілік Елді бірге құрамыз. Биік шыңдарға бірге жетеміз, оның алдында сіздер боласыздар. 

Құрметті форумға қатысушылар!

Мен сіздермен өз ойыммен бөлісіп, ашық әңгімелескім келеді. Сіздер әлемнің шындығында қандай екенін білуге тиіссіздер. Оны бірде-бір университетте оқытпайды. Сіздер кеңестік экономика жүйесін және біздің дамуымыз бастау алған қиындықтарды білмейтін Тәуелсіздіктің алғашқы буынсыздар. Сіздер сондай-ақ жаһандық әлем жағдайында өмір сүріп жатқан алғашқы буынсыздар. Сондықтан, сіздер біздің өсу жағдайымызды мейлінше айқын түсінуге тиіссіздер.

Кейде біреулер неліктен біз әлі Батыс Еуропадағыдай немесе Араб Әмірліктеріндегідей өмір сүрмейміз деген сұрақ қояды. Бәрі бірдей соншалықты ап-айқын емес. Біздің экономикамызға түбегейлі ықпал ететін нақтылы және қарапайым факторлар бар. Ол климат, ол үлкен арақашықтық, ол теңізге шығу жолының жоқтығы, ол тарихи және мәдени мұралар. Іс жүзінде біз осы жылдар бойы көптеген объективті жағдайларға кереғар алға басудамыз. Мен бүгін осылар жайында айтқым келеді.

Климат және елдердің ТОП-30-на ену

Бүгінде Қазақстан көптеген өлшемдер бойынша дамыған  мемлекеттердің алғашқы 30-на кіреді. Іс жүзінде біз осы елдер қатарында тұрмыз, соның ішінде экономиканы дамыту бойынша, бірқатар өнеркәсіп өндірістері, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқа аспектілер бойынша да. Ол үшін ІЖӨ көлемі әрбір қазақстандық үшін дамыған мемлекеттердегіден екі есе артық болуы керек. Бұл айырмашылыққа география мен климат себепкер.

ТОП-30 бен ЭЫДҰ-ға кіретін бай мемлекеттердің белгілі бір бөлігі анағұрлым қолайлы климатта өмір сүреді. Олар Батыс Еуропа елдері, Австралия, АҚШ, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, Араб Әмірліктері. Біздегі сияқты нағыз аязды қыстар оларда жоқ. Бәрінде де теңізге немесе мұхитқа шығатын жолдар бар.

Экономикалық өркендеу суықты қаламайды және жылы климатты «қолайлы көреді». Ол елдер бізге қарағанда энергияны 3 есе артық үнемдейді. Салыстыру үшін, Германияда орташа жылдық температура 20 градусты, Жапонияда – плюс 16-ны, АҚШ-та – плюс 15-ті, Сингапурде – плюс 27-ні, Малайзияда плюс 28-ді құрайды. Ал орташа жылдық температура, айталық, Астанада, Ақмола және Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында небары шамамен 2,5 градус. Ал олар болса қазақстандық тауарлардың үлкен бөлігі өндірілетін біздің шешуші өнеркәсіптік орталықтарымыз. Бізде экономика энергия шығынды, өйткені айналамызды энергия шығынды табиғат қоршаған!

ТОП-30-ға кіретін жылы елдерде зауыт салу үшін жабдықтарды ангармен жапса жетіп жатыр. Кейбіреулерге тіпті, картон қабырғалар қойып, асфальт төсесе жеткілікті. Біз күрделі ғимараттар саламыз, оларды сапалы, яғни қымбат материалмен жылытамыз. Біздің бүкіл индустриямызда, барлық қалаларымызда, аудандар мен ауылдарда біз жылына 7 ай бойы от жағамыз! Бұл бізде болған, бар және әркезде де бола беретін орасан зор жұмыс және ерекше жауапкершілік. Сонымен бірге, жұрттың бәрі өздеріне жылы киім сатып алып, тұрғын-жайларын жылытып және калориялы тамақ ішуі үшін адамдарға ақы да төлеу керек.

Халық аз қоныстанған елдің солтүстігіне жұмыс істеуге баратын оңтүстік өңірдегі канадалықтарды батырлар деп атайды. Бізде ондай батырлар – 17 миллион адам! Біздің Отанымыз осындай. Бұл жерде біздің бабаларымыз өмір сүрді, осында біз өмір сүрудеміз және көптеген ғасырлар бойы біздің балаларымыз өмір сүретін болады. Сондықтан осының бәрін ескеру қажет. Қазақстан энергияның айтарлықтай үлесін суық климатты бейтараптандыруға жұмсайды. Бізде арақашықтық үлкен, оларға біз жолдар саламыз, электр тарату желілерін тартамыз. Біздің өндірістік шығындарымыз жылы елдерге қарағанда әркезде де жоғары болады.

Климат пен табиғат ерекшеліктері біздің халқымыздың психологиясына да әсер етті. Бірлікке ұмтылу, жоғары өміршеңдік және өзгерістерге бейімделудің жоғары дәрежесі біздің қанымызда бар. Бірлескенде әркезде де жылырақ! Сонымен бірге, көптеген ғасырлар бойына қалыптасқан маусымдық ойлау да бізге өз ықпалын тигізеді. Жылыда – адамдар еңбек етті, суықта – үйде аяздан жасырынды. Қазір, нарық жағдайында, біз ондайға жол бере алмаймыз – әр күні де жұмыс істеу қажет. Ешкім бізге жеңілдік жасамайды.

Ашығын айтайын – бүгінде қажырлылықпен жұмыс істеу жеткіліксіз, оған қоса тиімді жұмыс істеу қажет. Небәрі осыдан 2 ғасыр бұрын адамға оның бүкіл өміріне жету үшін 30 мың доллар тапса жеткілікті болатын. Бүгінде ол мүмкін емес. Қазіргі заманғы қоғам дөңгелек ішіндегі тиінше айналуда.  Экономика алға басқан кезде оттегі келіп тұрады, адамдар бейбітшілікте және молшылықта өмір сүреді. Даму тоқтаған бетте бәсекелестер ауаны жауып тастайды.

Бұрын тиімсіз мемлекеттер айтарлықтай ұзақ өмір сүре алатын. Бүгінде бәсекелестікке дайын емес экономикалардың санаулы жылдар ішінде күйреп түсуі мүмкін. Тарих екі түрлі бағаны ғана біледі – не ұттың, не ұтылдың. Сондықтан мемлекет сіздерге даму үшін барлық жағдайлар жасады, тіпті одан да артық десе де болады. Өзіңнің талантың мен еңбегіңнің арқасында жақсы оқудың, өзіңнің мансап жолыңды таңдай білудің, қоғамда өз орныңды таба білудің маңызы өте зор. Ешкім де, ең дамыған елдің бірде-бірінде де өзімізден басқа, біреулер келіп бізді әл-ауқатты жасамайды. Сондықтан да, біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрып, Еңбек Адамын бірінші кезекке шығарудамыз.

Масылдық пен инфантилизм

Бүгінде біз жаһандық рынок жағдайында өмір сүрудеміз. Егер біздің өнімдеріміз сатылмаса, онда табыстар да болмайды. Бұл ереже барлық салаларға – өнеркәсіпке де, ауыл шаруашылығына да, бизнеске де бірдей. Нақты нәтижелер болса – еңбекақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар көтеріледі. Табыстар болмаса – кіріс те болмайды. Қазіргі экономика осылай құрылған.

Егер ғылыми орталықтың ғалымы жаңа өнім ойлап тапса, ол бірден ақша талап ете алмайды. Бұйымды жасап шығару – тек жарты іс қана. Оны патенттеп, одан соң сатып, салықтарды төлеу керек, тек содан кейін ғана ақшаны алуға болады. Бірақ бізде көптеген адамдар ескі әдетпен бірдемені жасап үлгірмей жатып, еңбек көлеміне сәйкеспейтіндей тұрғыда еңбекақыны өсіруді талап етеді. Осының бәрі әлеуметтік инфантилизм мен масылдықты туғызады. Бұл үлкен адамдар балаларға ұқсап, олар үшін бәрін біреулер шешіп береді және соның бәрі оңайға түседі деген түсінік. Жаһандық рынок жағдайында инфантилизм мен жеңіл ақшаға бұрыннан да орын жоқ.

Сонымен бірге қазіргі заманғы нарық экономикасы идеалдан алыс. Ол бүкіл жаһандық қауіп-қатерлерден емдейтін сиқырлы дәрі емес. Бірінші кезекте, ол алғаш пайда болған елдердің мүдделерін қорғайды. Оның сыртында, әлемдік рынок ережелері әр елдерге әрқалай қолданылады. Ешқандай мінсіз еркін нарық экономикасы жоқ. Бірақ әр ел өз мүдделеріне сәйкес қолданатын нарықтық реттегіштер бар.

Барлық дамыған елдер өнеркәсіпке де, ауыл шаруашылығына да, бизнеске де тікелей дотациялар арқылы қолдау жасайды. Олар шетелдік өнімдер жолына кедергілер қояды. Мәселен, Жапония өз автомобильдерімен жарты әлемді әлеуетті түрде қамтамасыз ете алады, бірақ көптеген өткізу рыноктары олар үшін жабық. Дамыған елдерде автомашинаны енгізуге шектеулер мен квоталар бар. Инвестициялық ағыстарды жаһандық қаржы институттары реттеп отырады. 

Сонымен бірге, қазіргі заманғы әлемдік экономика әлсіз мемлекеттерсіз өмір сүре алмайды. Онсыз дамыған елдердің байлыққа жетуі мүмкін емес. Ал кедейлер – басым көпшілік. Жер шары халқының үштен екісі орташа еуропалық табысының 5 пайызына өмір сүреді, планета ресурстарын 40 есе аз, ет өнімдерін 75 есе аз тұтынады. Бір британдық басылым орташа еуропалық отбасының үйіндегі мысықтың етті былайғы кедей елдер тұрғындарынан 2 есе көп жейтінін есептеп шығарған. Дамыған елдерде бір үй жануарына былайғы әлемдегі бір миллиард адамның орташа табысынан артық шығын жұмсалады.

3 миллиард адам тұратын кедей елдердің мыңдаған қалалары Стокгольмге, Парижге, Астанаға немесе тіпті Хромтау мен Сәтбаевқа ұқсамайды. Олар тау-тау қоқыспен қоршалған, картоннан тұрғызылған баспанасымақтар. Бұл күркелердің тұрғындары ешқашан тоқ болмайды, оларда дәріге, кітапқа, техникаға, интернетке, саяхаттауға ақша да жоқ. Бүтіндей бір ұрпақ үшін жоқ. Бақытымызға қарай, біздегі ортақ еңбек және дамудың жоғары деңгейі Қазақстанға ол тұзақты айналып өтуге жағдай жасады. Бірақ бұрынғы КСРО-ның қирандысынан бізбен бірге пайда болған бірқатар мемлекеттер оған түсіп қалды. Сондықтан да ол жерлерде тұрақсыздық, қақтығыстар, қан төгіліп, адамдар қаза болуда. Біз оған жол берген жоқпыз және біздің Қазақстанымызда жол бермейміз! Жастар біздің жетістіктерімізді бағалап, татулықтың, келісім мен еңбексүйгіштіктің қазақстандықтардың ауыр еңбегімен келгенін әркез есте сақтаулары тиіс.

Демократия және нарықтық қатынастар

Көптеген адамдар нарық экономикасының табысты болуы бүгінде дамыған мемлекеттерде бар демократияның белгілі бір үлгілерін шаблонды көшіруге тікелей байланысты деп қате ойлайды. Әлем демократиялық құрылымның тек бір ғана табысты моделі бар-мыс дегенге көптеген жылдар бойына сендіруге тырысуда. Бірақ ол олай емес.

Демократия – жалпыадамзаттық құндылық. Демократияның бір түрі еуропалық халықтардың генінде қалыптасып, қоныс аударушылармен бірге Солтүстік Америкаға ауысқан. Бүгінде ол олардың мәдениетінің, өмір салтының, көптеген ұрпақтың дінінің негізі. Бірақ дамыған 30 мемлекеттің қатарына енетін мемлекеттерде көптеген өзге де баламалар бар. Одан да әрірек барсақ – іс жүзінде әр мемлекеттің өзіндік өзгешіліктерімен ерекшеленетін өзінің саяси жүйесі мен нарықтық экономикасы бар.

Біз өзім өте құрметтеген және Қазақстанның үлкен досы деп санаған Сингапурды құрушы Ли Куан Юмен бұл мәселені талай рет талқыладық. Мәселен, Жапонияда демократиялық құндылықтар осы қоғамның ғасырлық дәстүрлеріне арқа сүйейді. Жапониядан өзге еш жерде оларды қолдану мүмкін емес. Шығыс Азия елдері Конфуций еңбектері негізінде өз демократиясын құрды.

Араб әлемінің көптеген мемлекеттерінде біз айтқандай демократия мүлде жоқ. Онда көптеген табысты елдер – абсолюттік монархиялар, ал олардың экономикасы болса өркендеуде, азаматтары молшылықта өмір сүруде. Сонымен бірге, АҚШ-та, Канадада, Францияда мемлекет экономиканың барлық салаларында ең үлкен рөл ойнайды. Мұнда индустрия, аграрлық кешен және кәсіпкерлер орасан зор дотациялар алады. Алғашқы 30-тың барлық мемлекеттерінде жаппай салықтық бақылау орнатылған, олармен салыстырғанда бізде – бизнес үшін жұмақ.

Дамыған мемлекеттер өмірінің әлеуметтік деңгейі аса жоғары салықтармен қамтамасыз етіледі – әр отбасы өз табысының 30-дан 60 пайызына дейінін төлейді. Және ешкім де мемлекетті дотация үшін, жоғары салықтар үшін кінәламайды – адамдар бұл ережелермен келіседі. Бұл модельдердің бәрі – қатып қалған формалар емес, олар үнемі өзгеріп тұрады. Ол түрлі қоғамдар мен түрлі мәдениеттер.

Жаһандық экономиканың нарықтық формасының өз кемшіліктері бар және үнемі дағдарыстармен ұшырасып тұрады. 1930-шы жылдардағы Ұлы күйзелісті, 1980-ші, 1990-шы жылдардың соңындағы дағдарыстарды сіздер тарихтан білесіздер, 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс та сіздерге мәлім.

Бүгінде біз халықаралық тұрақсыздықтың жаңа кезеңін көріп отырмыз. Біз ол туралы білдік, зерттедік және ондай дағдарыстарға дайындалдық. Біз мен «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқан «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен Бес халықтық реформаны іске қостық. Бізде «Стратегия-2050» мақсаты бар. Бізді Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясы біріктіреді. Сондықтан, әлемде ешкім де, ешбір ел мен ешқандай шетелдік топ-менеджер бізге қандай саяси жүйе құру керектігін, табысты нарық экономикасын қалай құру керектігін үйрете алмайды. Біз өз демократиялық моделіміз бен өз нарықтық қатынастарымызды өзіміз құрамыз.

Алдағы жылы біз өз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл кез келген елдің тарихын әрлендіре түсетін жарқын бет. Біз таңқаларлық табыстарға қол жеткіздік. Қазақстандық демократия қалыптасу кезеңінде тұр. Бәлкім, біздің дамуымыз үшін оған ондаған жылдар керек болуы мүмкін. Дамыған әлемдік демократиялар үшін бұл үйреншікті емес аз мерзім. Мәселен, егер Англия тарихына қарар болсақ, олар оған 400 жылын шығындады. Франция өз демократиясына 200 жылда жетті. Мұның бәрі оларда төңкерістермен, азаматтық және мемлекетаралық соғыстармен қоса-қабат жүрді. Біз ондай қателіктерді айналып өте білдік. Өйткені біз өзге елдер тарихынан сабақ алдық. Саналы мемлекет осылай іс-қимыл жасауы тиіс. Біз татулық пен келісімде дамып келеміз және әркезде де графиктен оза іс-әрекет жасаудамыз. Бұл біздің жаңа қазақстандық дәстүр.

Зайырлы мемлекет

Қазіргі заманғы мемлекеттің зайырлы болуы керек екендігін әлемдік тарихи тәжірибе көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда елдің әлеуеті барынша жүзеге асырылады. Халық радикализммен неғұрлым көбірек айналысса, соғұрлым ол мемлекет аз  ырғақпен дамиды. Себеп қарапайым – радикализм өмірдің бірде-бір саласында пайда әкелмейді, ол тек прогреске кедергі келтіреді. Экономикада ол ойластырылмаған авантюра мен ойсыз шығындарға соқтырады. Мәдениеттегі халық соның арқасында көптеген ғасырлар бойы өмір сүріп келген құндылықтар мен дәстүрлер көмескіленеді. Ондай елдің иммунитеті әлсірейді, ол дертке шалдығады.

Әңгіме діннен бас тарту жөнінде болып отырған жоқ. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда 2230 мешіт, 186 провославиелік  шіркеу, 40 католиктік шіркеу салынды. 5 мың адамға арналған «Әзірет Сұлтан» мешіті Астананың архитектуралық ғажабына айналды. Орталық Азияда ең үлкен – астаналық провославиелік Успения Құдай-ана Соборы салынды. Бұл руханият сарайлары қысқа мерзімде сапаға зиян келтірілместен тұрғызылды. Діни толеранттылық  – біздің рухани байлығымыздың маңызды бөлігі. Бірақ дінді әркезде де мемлекеттен бөлу қажет. ХХІ ғасырда өмір сүру ережесі осындай.

ЕАЭО және әлемдік рынок

Ресеймен, Беларусьпен және Армениямен бірге біз Еуразиялық экономикалық одақ құрдық. Біз осылайша, үлкен геоэкономикалық міндетті шешеміз – өзіміздің жаһандық теңіз жолдарына неғұрлым аз шығынмен шығуымызды қамтамасыз етеміз. Іс жүзінде бұл біздің ЕАЭО бойынша әріптестеріміз арқылы 3 мұхитқа және 13 теңізге шығатын үлкен ішкі рыногымыз. Біріншіден, ЕАЭО қазақстандық өнімге баға белгілеудегі шығындарды азайтуға жағдай жасайды. Екіншіден, ортақ кедендік ережелер қорғауында жаңа отандық тауарлар түрін шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді. Тек содан кейін ғана, ДСҰ-ға мүше болған соң, біз кең ауқымда әлемдік бәсекелестікке қатыса аламыз.

Тауар неғұрлым арзан болса, ол соғұрлым бәсекеге қабілетті. Сондықтан да Жапония, АҚШ, Еуропа одағы өздерінің ішкі рыногын бәсекелестерден бүкіл күш-жігерімен қорғайды. Егер өнеркәсіп дамымаса ішкі рынокты шетелдік компаниялар жаулап алады. Сонымен бірге, экспорт – ол қымбат жоба, ол үлкен мемлекеттік және жеке инвестицияларды талап етеді.

Тек саламатты, өндірісі тұрақты қазіргі заманғы кәсіпорындар ғана сапалы тауарлар шығаруға қабілетті. Экспорт – ол экономиканың жоғары лигасы. ЕАЭО біздің өндірісшілер үшін, экономикалық тиімділіктің сыртында, ДСҰ шеңберіндегі әлемдік жарысқа іріктеу сатысы болып табылады. Егер кейбір кәсіпорындар ішкі рынокта қалыпты жұмыс істей алмаса, онда үлкен халықаралық аренада ештеңе де көрсете алмайды. Нашар ойыншыларды медаль үшін Олимпиадаға ешкім де жібермейді. Бизнесте тек жеңе білетіндер ғана чемпион бола алады. Осынау қарапайым логиканы біздің жас кәсіпкерлер өз бойларына сіңірулері керек.

Қымбатты достар!

Бүгін мен сіздермен өз ойларыммен бөлістім, мен еліміздің тағдыры және оның дамушы, өзгермелі жаһандық әлемдегі орны туралы баяндадым. Оның сіздерге өмірде және еңбекте дұрыс шешімдер қабылдауға көмектесетініне сенімдімін. «Өзін әлемді қайта өзгертушімін деп санау әр ұрпаққа тән» деген сөзді француз философы Камю айтқан. Тәуелсіздік жылдары ішінде біздің бәріміз де өзгердік. Бірақ біздің әлеміміздің қаншалықты өзгергеніне жастарға қарап баға беруге болады. Сіздер дербесірек, ақылдырақ, үздігірек бола түстіңіздер. Жастарымыздың, біздің балаларымыз бен немерелеріміздің бүгінде қалай өмір сүріп, не туралы армандап және өз армандарын өмірде қалай жүзеге асыру керектігін өздерінің шешетіндігі мені шын қуантады.

Сіздерге ол табиғи және өзінен өзі солай болуға тиіс сияқты көрінеді. Біздің Тәуелсіздігіміздің озық жетістіктерінің бірі де осы. Бұл біздің саясатымыздың нәтижесінің әр адамның өмірімен қаншалықты біте қайнасқанын білдіреді. Сіздерде барлар біздің буында болған емес. Бізге ешкім оқу бағдарламасын ұсынған жоқ, бизнес ашуға және өз өміріңді құруға ешкім көмектескен емес. Бүгінде бәрінің қалай өзгергенін және оның тағдыр еркімен емес, біздің мемлекетіміздің ұзақ жылғы мақсатты саясатының арқасында болып отырғанын, сіздердің өздеріңіз де аңғара бермейсіздер.

Бұған біз, барлық әлемдік дағдарыстарға кереғар, күн санап, ұзақ және қажырлы қадам жасай отырып жеттік. Әлем қатаңдана түсті. Онда сізге кім көмектеседі, сізге кім сый ұсынады деп кең жайлау ойлауға орын жоқ. «Табыс күштілерге ғана келеді» деген өздеріңіз білетін әлемнің өзіндей көне даналық бар. Ешкімге шағымданбайтын және ешкімнен көмек күтпейтін адамдар ғана табысқа жете алады. Өз ісінің нағыз кәсіпқойы болу үшін уақыт талабына сәйкесу қажет екендігін ұмытуға болмайды.

Жаһандық бәсекелестік ғасырында «Өзгер немесе құры!» деген қатаң қағидат бар. Адамға жас кезінде жаңа жағдайларға бейімделу оңай болғандықтан, бұл дәл сіздердің алдарыңызға жоғары міндеттер қояды.  Жаһандық тарих – ол дәстүрлер мен инновациялар үйлесімі. Ол туралы мынадай әзіл бар: «Кәнігі профессор-экономист жыл сайын студенттерге бір сұрақты емтиханда қайталап қоя береді. Оның бір жас студенті бірде профессор сіздің жыл сайын біздің бәріміз де білетін сол бір сұрақты қайта-қайта қоя беретініңізді қалайша түсінбейсіз деп сұрайды. Профессор біздің экономикамен айналысып отырғанымызды ұмытпаңыздар. Ал экономикада сұрақтар әркезде де бірдей, жауаптар әр жылы – әртүрлі деп жауап береді».  Сондықтан әркез бәрі өзгеріп отырады: мәңгілік сауалдар бар, бірақ мәңгілік жауаптар жоқ. Бұл тек экономикаға ғана емес, өмірдің барлық салаларына да қатысты.

Бүгінде бүкіл қазақстандықтарды ортақ құндылықтар – жасампаз еңбек, татулық пен келісім, халық бірлігі, Отан үшін мақтаныш, оның ұлы тағдырына қатыстылық біріктіреді. Біздің жас ұрпақ мұны өмір бойы есте сақтауы тиіс. Бүгінде мен патриоттардың жаңа буынының өсіп және есейіп келе жатқанын көріп отырмын. Сіздер қазіргі заманғы Қазақстанның идеалында тәрбиелендіңіздер. Өз еңбектеріңізбен, білімге деген ұмтылыстарыңызбен және нақты істеріңізбен сіздер мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік Елдің даңқын асырасыздар. Жеткіншек буын мен жас азаматтарымыздың Тәуелсіздік идеалдарына адал болатынына, біздің Отанымыздың табыстарының эстафетасын жалғастыратынына менің сенімім мол.

Ата-аналарыңыз бен елдің барлық жастарына менің ең жылы тілектерімді жеткізіңіздер! Мен сіздерге барлық жақсылықтарды, денсаулық, табыстар мен бақуатты өмір тілеймін!

Астана қаласы, 2015 ж. 10 сәуір


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер