Бөлімдер санаты
Сөйлеген сөздер
Оқиғалар күнтізбесі
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 
 
 
1234
567891011
1213
14
15161718
19202122232425
2627282930
 
 
Барлық жаңалықтар

Сөйлеген сөздер

28 сәуір 2018
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында сөйлеген сөзі

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының ашылуымен құттықтаймын!

Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді.

Бүгінде ол – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі.

Әрдайым елдік істердің басында жүретін Ассамблея менің іргелі бастамаларыма әр уақытта қолдау білдіріп, халқымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі.

Бүгінгі сессиямыз – «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп аталады.

Мен наурыз айында әлеуметтік жаңғыру жолындағы «Президенттің бес бастамасын» ұсынғанымды білесіздер.

Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған.

Оның табысты жүзеге асуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді, бір-біріне сенімін арттырады.

Бізде халықтың күнделікті өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдарлама ешқашан болған емес.

Осының бәрі – тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары – Ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы.

Әйтпесе, көгінде туы, төрінде билігі болса да, бірлігі қашып, бүгіні тұлдыр, болашағы бұлдыр болған қаншама мемлекет бар.

Біз осыны берік ұстанып, мызғымас ынтымақ-бірлігімізді таусылмас ырыс-берекеміздің бастауы етіп, сеніммен қадам басып келеміз.

Құрметті сессияға қатысушылар!

Қымбатты отандастар!

Баршаңызға Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVI сессиясына қош келдіңіздер деймін!

Мен Ассамблея делегаттарымен әрдайым ерекше ықыласпен жүздесемін.

Өйткені әр сессия Қазақстан дамуының мейлінше өзекті мәселелеріне арналады.

Бүгінгі сессияға Қазақстан халқы Ассамблеясының ізгі ниет елшілерінің, достық елшілерінің қатысып отыруының символдық мәні бар.

Ассамблея бейбітшілік пен татулықтың нағыз шырақшысына айналды.

Сол себепті мен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларына әрдайым өзім қатысамын.

Бүгінгі таңда да, әлеуметтік интеграция факторын пайдалана отырып, біз тұтастығымызды одан әрі нығайта түсеміз.

Жаһандық әлемдегі мықты мемлекеттер – біртұтас ұлттар екені жасырын емес.

Олардың барлығы біртұтас бірегейлікке сүйене отырып жаңғырады.

Біз де осы жолға түстік.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының, соның ішінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының мәні де осыда.

Әлеуметтік бірлік саясаты – біртұтас Ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп білемін.

Біз сыртқы жағдайларға қарамастан, бес жаңа жобаны жүзеге асыруды бастадық.

Бұл қаржымыздың және ресурстарымыздың көптігіне байланысты болып отырған жоқ.

Керісінше, қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға тың серпін беруді көздеген шынайы ниетімізге байланысты іске асуда.

Не себепті жаңа бес әлеуметтік бастама ұсынылды?

Оның басты үш себебі бар.

Біріншіден, жаңа ғасырдың екінші онжылдығының бастапқы сегіз жылына жасалған талдау көрсеткендей, жекелеген мемлекеттер тарапынан егемен елдердің ішкі ісіне араласуының салдарынан әлемнің түрлі өңірлерінде болатын дағдарыстардың басқа да себептері бар.

Бұл – әлеуметтік бірлік пен интеграцияның болмауы.

Жаһандық және өңірлік тәжірибе көрсеткендей, қалыптасқан мемлекет – бұл әлеуметтік бірлік негізі саналы түрде нығайтылатын мемлекет.

Біздің жаңа бастамаларымыз, ең алдымен, осыған арналған.

Екіншіден, қазіргі заманғы экономикалық және саяси теория мен тәжірибеде әлеуметтік және мәдени капитал артта қалған сала емес, олар өсімнің тұрақты драйверлері деген көзқарас берік орнықты.

Білімнің жаңа экономикасы, цифрландыру, өндірісті роботтармен жабдықтау, технологиялық инновациялар әлеуметтік және мәдени капиталдың мүлде басқа сипатын қажет етуде.

Сол себепті біздің жаңа әлеуметтік бастамаларымыз жаңа экономиканың дамуына серпін береді.

Үшіншіден, полиэтникалық мемлекет жағдайында әлеуметтік және ұлттық саясат өзара тығыз байланысты.

Мен ұсынған бес әлеуметтік бастама еліміздің барлық азаматтарын қамтиды, бүкіл халқымыздың дамуына септігін тигізеді.

Олар тұрғындардың аз қамтылған бөлігі мен жастар үшін ерекше маңызды.

Сол себепті мен осы мәселені Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында талқылауды ұсындым.

Қазақстанның этно-әлеуметтік саясаты Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да беделді халықаралық ұйымдар мен таяу және алыс шетелдердің тарапынан жоғары баға алғаны тегін емес.

Атап айтқанда, қаншама рет жақсы сөз де, сын да айтылған мемлекеттің тіл саясаты мүдделер тоғысының оңтайлы теңгерімін табуға мүмкіндік берді.

Халықтың байырғы ұстанымына сай келетін бұл саясат елімізде ешкімнің де мүддесін шектемейді.

Тіл мәселесіне қатысты Қазақстанда қол жеткізілген жалпыұлттық келісім – бұл біздің «алтындай қымбат шешіміміз» екеніне нық сенімдімін.

Бұл қоғамды, ғылым мен білім беру ісін дамытудың жаһандық трендіне сай келеді.

Біздің әлеуметтік саясатымыздың басты ерекшелігі неде?

Біріншіден, біздің саясатымыздың жалпыазаматтық, жалпыұлттық мәні бар.

Біз әрдайым негіз қалаушы конституциялық нормаға – барлық азаматтардың теңдігіне сүйеніп келдік.

Алдағы уақытта да солай болады.

Екіншіден, біз жаһандық трендтерді мұқият зерттеп отырамыз.

Еуропа мен Америкадағы көптеген елдер мультимәдени саясатты демократиялық мақсатпен формальды түрде жүргізе отырып, проблемаларға тап болғанын көріп отырмыз.

Қоғамның ішкі интеграциясы баяу жүретіні немесе мүлде тұралап қалғаны анықталды.

Мынадай сұрақ туындайды: алдағы уақытта әлемде не болады?

Келешекте мульти-этникалық трендтер қайда жетелейді?

Саяси тәжірибесі мол дамыған елдер өз проблемаларының шешімін таба алатынына сенімдімін.

Үшіншіден, біз де өзіміздің прагматикалық қорытындымызды жасауымыз керек.

Жаһандық этникалық жағдай біздің ішкі саясаттағы стратегиямыздың дұрыстығын көрсететініне сенімдімін.

Біз еліміздің азаматтарын қандай да бір көзқарас бойынша ешқашан бөле-жарып көргеніміз жоқ.

Осы жылдарда бүкіл қоғамды ұйыстыратын біртұтас саясат жүргізу менің мызғымас ұстанымым болды.

Бұл барлық азаматтар мен этностарға жаппай қатысты.

Бүгінде Қазақстан қоғамының бірлігін одан әрі нығайтатын кез келді.

Осы мәселе бойынша негізгі ресурс – әлеуметтік сала.

Бұл – біздің барлығымызға қатысты өмірлік мәні бар сала.

ХХІ ғасыр әлеуметтік, экологиялық, техногендік сияқты жаһандық қауіп-қатерлер ешқайда жойылып кетпейтінін көрсетіп отыр.

Әлемдік дағдарыс мемлекеттердің әлеуметтік мүмкіндіктерін азайтты.

Дүние жүзілік экономикалық форумның сарапшылары таяу 10 жылда байқалатын үш трендті атаған.

Бұлар – әл-ауқаттың теңсіздігі, әлеуметтік жіктелу және экологиялық қауіп-қатердің артуы.

Әркім өз болашағына өзі жауап беретін өзгеше кезең келе жатыр.

Сарапшылардың көпшілігі «Жалпыға ортақ әл-ауқаттың» аяқталғаны жөнінде айтуда.

Жаһандық өсімнің төмен деңгейі көптеген проблемаларды туындатады.

Тіпті дамыған елдердің өзінде орта таптың дағдарысы байқалуда.

Әлеуметтік поляризация ауқымы орасан деңгейге өсті: адамдардың бір пайызы әлемдік байлықтың 50 пайызын иеленіп отыр.

БҰҰ мәліметіне сәйкес, Жер шарындағы халықтың 14 пайызы ашаршылық жағдайда отыр.

Әлемде күн сайын 24 мың адам аштықтан көз жұмады. Осы жәйтке бір сәт мән беріңіздер.

Жұмыссыздар саны 190 миллион адамнан асты. Бұл Ұлыбритания, Франция, Италия сияқты ірі елдердің халқын қоса алғандағы тұрғындар санына пара-пар.

Әлемдегі жұмыссыздық деңгейі, әсіресе, жастар арасында жоғары – 13 пайыз.

Экономикалық санкциялар, протекционизм, терроризм, экстремизм, жекелеген мемлекеттердегі тұрақсыздық, егемен елдерге бағытталған қарулы шабуылдар халықаралық құқықты бұзып, жер бетіндегі барша жұрттың ертеңгі күнге деген сенімсіздігін қалыптастырып отыр.

Сондай-ақ, бұл жағдай кедейшілік пен жұмыссыздық проблемасын ушықтырады.

Соның нәтижесінде онсыз да әлсіз елдердің экономикалық тұрғыдан дамуы төмендейді.

Елдер арасындағы теңсіздік одан әрі тереңдей түседі.

Әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі экстремизмді тудырып, радикалды революциялар қаупінің артуына әкеледі.

Біздің жаңа ауқымды әлеуметтік жобаларымыздың негізі мынадай қағидаттардан тұрады.

Бірінші.

Қазақстанның ұлттық байлығы – қоғам игілігі.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің ұлттық байлығы азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп келеді.

Бұл экономиканың өсімі, еліміздің резервтері арқылы жүргізілуде. Соның арқасында инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік саланы өркендетіп отырмыз.

Егемен ел болғалы 12 мың шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді, 2,5 мың шақырымнан астам жаңа темір жол желісі пайдалануға берілді.

Соның бәрі экономиканы дамытуға, еліміздің барлық тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуде.

Осы жылдар ішінде заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 1300-ден астам ауруханалар, емханалар мен амбулаториялар салынды. Соның нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы артып, өлім-жітім азайды және ана мен балаға қолдау көрсетілді.

1545 жаңа мектеп пен 500-ден астам балабақша – біздің балаларымыздың болашағы үшін салынды.

70 стадион, 36 спорт сарайы, 8 мыңнан астам спорт алаңдары мен залдары ашылды. Бұл дегеніміз – денсаулық кепілі.

Музейлер саны 2,7 есе, театрлар саны 1,5 есе, кітапханалар саны 1,4 есе өсті.

Осы айтылған барлық әлеуметтік, мәдени және спорт нысандары бүкіл халқымыз үшін салынып, жұмыс істеп жатыр.

Әр қазақстандық еліміздің өркендеуіне үлес қосуда.

Өйткені, біз еңбек етіп жалақы аламыз, содан кейін оны еліміздің дамуына жұмсаймыз.

Сол арқылы ортақ игіліктерді қалыптастырып, Қазақстан әлеуетінің артуына атсалысамыз.

Екінші.

Әлеуметтік капиталға салынатын инвестиция көлемін арттыру.

Біз әлеуметтік капиталды еселей отырып, келешегімізді нығайта түсетінімізге сенімдімін.

Бұл – прагматикалық ақиқат.

Себебі, әлеуметтік капитал – адам мен қоғамның дамуына жетелейтін әлеует.

Біз адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін арттыру үшін үлкен жолдан өттік. Ол 600 доллардан 10 мың долларға дейін көтерілді.

Бұл – әлеуметтік капиталға салынатын инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік беретін база.

Бір ғана мысал: биылғы қаңтар айында Дүниежүзілік экономикалық форумда мемлекеттерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді.

Ол – ішкі жалпы өнімнің өсуіне және басқа да он бір параметрге байланысты болатын инклюзивті даму индексі.

Бұл индекстің басты көрсеткіші – әл-ауқат деңгейі.

Дамушы 74 елдің рейтингінде Қазақстан 15-орында.

Меніңше, бұл – лайықты нәтиже!

Қазақстандықтар еліміздің жетістіктері мен жеке әл-ауқаты арасында тікелей байланыс бар екенін айқын көріп отырғанына сенімдімін.

ХХІ ғасырдың басымен салыстырғанда бүгінгі жағдайымыз – жер мен көктей. Бұл өзгерістер әрқайсымыздың өмірімізде байқалады деп ойлаймын.

Мен Тәуелсіздікке қол жеткізген өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы көрсеткіштерді айтпай отырмын.

Біз алдағы уақытта да қазақстандық әр отбасының әл-ауқатын арттыру үшін әлеуметтік капиталды барынша көбейтетін боламыз.

Мен үшін адамның өз ісіне және бүкіл елімізге деген жауаптылықты сезінуі, өзін шаруақор адам ретінде көрсетуі маңызды.

Мен 5 наурызда айтқанымдай, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясы дәл сол кезде жаңа мәнге ие болады.

Осы қағидаттардың жүзеге асуы халқымыздың болашаққа деген сенімін нығайтады деп кәміл сенемін.

Алайда, бұл жерде мейлінше нақты сұрақ туындайды.

Әлеуметтік бірлікті толық нығайту үшін қандай шаралар қабылдау қажет?

Менің бұған берген президенттік жауабым – «Бес әлеуметтік бастама».

Бұл ретте, «Бес бастама» – ең маңызды бес әлеуметтік проблеманың шешімі екенін ерекше атап өтемін.

Барша қазақстандықтар сияқты Ассамблея мүшелері де бұл бағдарламаның мазмұнын біледі, сондықтан тек басты тұстарына ғана тоқталып өтейін.

Бірінші бастама баспанасы жоқ адамдарға жаңа мүмкіндіктер беріп, тұрғын-үй ипотекасының қол жетімді болу мәселесін шешеді.

Бәріміз жайлы тұрмыс үшін баспананың алатын орнын жақсы түсінеміз.

Сондықтан мен бұл бағдарламаны бірінші орынға қойдым.

Жұмыс істейтін кез-келген азаматтың жаңа талаптар бойынша ипотекаға қол жеткізе алуы айрықша маңызды.

Бұл дегеніміз – біздің миллиондаған азаматтарымыз!

Олар мерзімі 25 жылға дейін ұзартылған арзан ипотека ала алады.

Осыған орай, бастапқы жарна 20 пайыздан аспайтын болады, ал бұрын бұл 50 пайыз болған еді.

Екінші бастаманың мәні, өздеріңізге мәлім, жалақысы төмен еңбеккерлер үшін салық жүктемесін азайтумен байланысты.

Біз жеке табыс салығын төмендете отырып, 2 миллионнан астам адамның жалақысын өсіреміз.

Әлемдегі кез-келген ел әлеуметтік жауапкершіліктің осындай үлгісін көрсете бермейді!

Прогрессивті салық салу ісіне нақты қадам жасалды.

Мен түрлі пікірлердің бар екенін білемін.

Алайда, табыс салығын жалақысы төмен тұрғындардың пайдасы үшін қайта қарастырудың қажетті әрі игі іс екеніне сенімдімін.

Үшінші бастама жоғары білім алудың қол жетімділігі мен сапасына қатысты.

Біз гранттар санын, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша, үштен бір еседей арттырдық.

Бұл жерде тапшылық бар.

Соңғы жылдары жұрттың бәрі заңгер, экономист болуды қалайды. Ондай мамандар бізде жеткілікті.

Білім беру ісі жыл сайын сапалы түрде дамып келеді.

Сондықтан талапкерлердің отандық жоғары оқу орындарын таңдағаны жөн.

Бұл бастама – студенттік жатақханалар проблемасын шешу жөніндегі менің нақты тапсырмам.

Олар жай қонып шығатын орынға ғана емес, жайлы тұрып, білім алуға арналған толық базаға айналуы тиіс.

Біздің «100 жаңа оқулық» жобасын іске асырып, гуманитарлық білімді түбегейлі жаңартып жатқанымыздың мәні зор.

Мен бұл жөнінде жаңа кітаптардың жуырда өткен таныстыру рәсімінде айттым.

Бұл шаралардың бәрі жоғары білімнің деңгейін арттыратынына сенімдімін.

Төртінші бастама – шағын несие беру аясын кеңейту.

Мұндағы мақсатымыз – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

Мен жеңілдетілген шағын несие алатындардың санын екі есе арттыру жөнінде Үкіметке тапсырма бердім.

Бұл бағдарламаның ауылдық жерлер үшін маңызы зор.

Адамның өз кәсібі болған кезде, ол сенімді жүреді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы азаматтарымызды бизнестің қыр-сырына үйретіп, маңызды жұмыс атқаруда.

Көптеген адам кәсіпкерлікті меңгеріп шықты.

Енді оларға бастапқы капитал қажет. Шағын несиені бірінші кезекте соларға беру керек.

Барлық өңірдегі Ассамблея мүшелерінің арасында көптеген табысты стартаптар мен бизнес жобалар бар екенін білемін.

Мыңдаған қазақстандықтар, әсіресе ауылдық жерлерде, соларға қарап, өздерінің жеке кәсібін аша алады.

Бүгінде мемлекет бұған мүмкіндік беріп отыр.

Бесінші бастама – елімізді одан әрі газбен қамту.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қуатты мұнай-газ өндіруші елге айналды.

Бірақ біздің кен орындарымыз еліміздің орталығы мен солтүстігінен шалғайда орналасқан.

Соңғы уақытқа дейін бізде құбыр желісі құрылысына қаржы жетіспеді.

Енді ел ішін газбен қамту аясын кеңейтетін кез келді.

Өздеріңіз білетіндей, біз Орталық және Солтүстік Қазақстанға жаңа газ құбырын тартатын боламыз.

Жоба биылғы жылдың шілде айында бастау алады.

Нәтижесінде, миллиондаған қазақстандықтардың үйлеріне көгілдір отын жеткізіледі.

Бұл ішкі тұтынушылардың санын арттырады, сондай-ақ тұрмыс деңгейін көтеруге және шағын бизнесті кеңейтіп, экологияны жақсартуға жол ашады.

Газбен қамту ісін одан әрі жалғастыру маңызды болып отыр.

Сонымен, Президенттің бес бастамасы дегеніміз, бұл – ауқымды бес әлеуметтік жоба.

Ең бастысы: олардың барлығы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әрі бүкіл қоғамға арналған.

Бұл – жалпыұлттық жобалар. Жергілікті жерлерде Ассамблея мүшелері бұған белсене қатысып, олардың орындалуын «Нұр Отан» партиясымен бірлесе бақылауға алуы керек.

Турасын айтқанда, мұның бәрі мемлекет үшін арзанға түспейді.

Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін жалпы 2,6 триллион теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз.

Бұл – өте үлкен қаражат, біздің адамдарымызға, олардың болашағына бағытталған тікелей инвестиция.

Мұндай әлеуметтік саясат жалғаса береді.

Бүгінде, қазақстандықтар Үкіметтің не істеп жатқанын, тапсырылған міндеттерді қалай орындайтынын – барлық іс-қимылын мұқият бақылап отыр. Мұны мен білемін.

Сондықтан да Ассамблея сессиясының жұмысына Премьер-Министр, Ұлттық банк төрағасы, Білім және ғылым министрі қатысып отыр.

Үкімет мүшелерінің Қазақстан Халқы Ассамблеясы делегаттарына айтары бар деп ойлаймын.

Құрметті сессия делегаттары!

Алға жылжу үшін бірқатар міндетті шешу қажет.

Бірінші. Ассамблея жаңғырудың өзекті міндеттерін орындау үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуге тиіс.

Ассамблеяның елеулі әлеуеті бар.

Бұл – мыңнан астам этномәдени бірлестік, бес мыңға жуық қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестері.

Осы әлеуетті барынша белсенді ету үшін менің тапсырмаммен «Қазақстан Халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Парламент оны қарастырғаннан кейін мен оған қол қойдым.

Енді жаңарған заңды жүзеге асыру үшін нақты жоспар керек.

Атап айтқанда, этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлері мәдениет, тіл, дәстүр саласында жұмыс жүргізіп жатыр.

Бұл жұмысты жалғастыра беру қажет.

Үкімет қазақстандық этностардың мәдениетін дамыту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жинақтауға тиіс.

Әлеуметтік бірлік жолындағы жұмыстарды ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдар үшін берілетін гранттардың тақырып аясы кеңейтілсін.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне «Нұр Отанмен» және Ассамблеямен бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету үшін ғылыми-ағарту жобасын әзірлеуді тапсырамын.

Екінші. Жаңғырудың басымдықтарын, әлеуметтік саясатты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ескере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму жоспары мен Концепциясын сапалы түрде жетілдіру қажет.

Үшінші. Ассамблея мемлекеттік органдармен бірлесіп, қайырымдылық жұмыстарын жалғастыра беру керек.

Тек өткен жылы аз қамтылған 60 мың отбасы мен 8 мың әлеуметтік ұйым көмек алды.

Төртінші. Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» атты жаңа жастар қозғалысы жастарды жаңғыру аясында біріктіруі керек.

Күш-жігерімізді жастардың өзекті стартаптарын қолдауға бағыттау қажет.

Бесінші. Астана, Алматы және облыс әкімдері, сондай-ақ Ассамблея аудандар мен округтердегі Қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті бюджетті тиімді пайдалануға жұмылдырсын.

Кеңестер агроөнеркәсіп секторында ақылды технологияларды ілгерілетуге де көмектесуі керек.

Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, менің Жолдауым мен әлеуметтік бастамаларымды іске асыруға қосылатын үлес болмақ.

Алтыншы. Биыл біз елорданың 20 жылдығын атап өтеміз.

Астана – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі.

Қала әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «эталонды стандарт» ретінде қабылданатын елордалық Ассамблеяның бағдарламасын әзірлеуі қажет.

Астанада Достық үйін ашу мәселесін шешетін кез келді деп санаймын.

Ол үшін Бейбітшілік және келісім сарайы қолайлы болады деп ойлаймын.

Жетінші. Менің тапсырмам бойынша 1 наурыз – Алғыс айту күні Ассамблеяның жаңа мультимедиялық порталы ашылды.

Ол жалпыұлттық бірігудің маңызды ресурсына айналуы керек.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ассамблеяның ақпарат кеңістігінде насихатталуын қамтамасыз етіп, бейбітшілік және келісім тақырыбы бойынша әлеуметтік роликтер циклін дайындауы қажет.

Сегізінші. Қоғамның бірлігі тұрақты ғылыми зерделеуді талап етеді.

Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық қоғамдастығы, сондай-ақ, менің тапсырмам бойынша құрылған этносаралық қатынастар және демография ісі жөніндегі орталықтар нақты осы бағытта жұмыс істеуде.

Бұған жетекші жоғары оқу орындарындағы 40-тан астам кафедра мен Ассамблея орталықтары да атсалысады.

Тек өткен жылдың өзінде Ассамблея құрылымдары ондаған кітап пен жүздеген мақала дайындады.

Бұл жұмысты жүйелі түрде үйлестіру керек.

Осы айтылған барлық міндеттердің орындалуы Ассамблея жұмысын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

Құрметті достар!

Бірлік пен қарқынды дамудың арқасында біз көп нәрсеге қол жеткіздік.

Жаңа тарихи кезеңде бізді біртұтас ұлтқа ұйыстыратын, көздеген мақсаттарымызға жеткізетін қажетті алғышарттардың бар екеніне сенімдімін.

Халықтың бірлігі – жаңарған Қазақстанды өркендетудің басты шарты. Солай болған және бола бермек!

Барша қазақстандықтарды және еліміздің қонақтарын келе жатқан мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және бейбіт өмір тілеймін!


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер