Жаңалықтар

20 қараша 2015
Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ғанимен кездесті

 

Екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің және өңірлік қауіпсіздіктің мейлінше өзекті жайттары қарастырылды.

Қазақстан Президенті өзінің шақыртуы бойынша елімізге алғашқы ресми сапармен келген М.Ғаниға ілтипат білдірді.

Орталық Азия өңірі мен Ауғанстанның ежелден ортақ бай мәдени және тарихи құндылықтары бар. Мен Сіздің елде болып жатқан оқиғаларды жақсы білемін. Біз кезінде бұрынғы Президент Х.Карзаймен көп ынтымақтастықта болдық. Қазақстан Ауғанстанды тұрақтандыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуде. Біздің елге гүлденген Ауғанстан керек, біз осындай елмен жақын қарым-қатынас орнатқымыз келеді,– деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде Ауғанстан кезігіп отырған қиындықтар мен тәуекелдерге Қазақстанның терең түсіністікпен қарайтынын айтты.

Соңғы жылдары тұрақтану үдерісі байқалып отыр, біз бұған қуаныштымыз. Сіз бүкіл халықты біріктіріп, ұлттық бірлік үкіметін құруға талпынып отырсыз. Бұл – маңызды ниет және оны біз қолдаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

М.Ғани өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен табыстарына назар аударды.

Сіз «Қазақстан-2030» Стратегиясын жариялағаныңызда, әлемде оған сенгендер көп емес еді. Алайда Сіздің басшылығыңызбен және жан-жақты әрі жедел қабылданған шаралардың арқасында жария етілген мақсаттарға қол жеткізіліп қана қоймай, асыра орындау қамтамасыз етілді. Қазақстанда осылайша жүзеге асқан өзгерістер бүкіл өңірге жарқын үлгі бола алады. Осыған байланысты Сіздің 1997 жылы айтқан «Кеше әлі ерте болатын, ал ертең кеш болуы мүмкін» деген сөзіңізді еске алғым келеді, –  деді Ауғанстан Президенті. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар