National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады

2025 жылғы 21 қараша

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада қазақстандықтар Никол Пашинянды Арменияның дамуына жаңа леп әкелген, мемлекеттік құрылымның барлық салада қайта жаңғыруына тың серпін берген жалпыұлттық көшбасшы деп білетінін жеткізді.

– Сіздің көреген басшылығыңыздың арқасында Армения орнықты даму жолына түсіп, халықаралық аренадағы позициясын нығайтты. Сондай-ақ ішкі және сыртқы саясатта парасатты, жауапты ұстанымымен үлгі көрсетіп отыр. Сіз өте күрделі геосаяси ахуалда қалыптан тыс әрі батыл шешім қабылдадыңыз. Түптің түбінде бұл армян халқына пайдасын тигізетін өте құнды шешім болды. Достас, бауырлас Армения бейбітшілік, орнықты даму жолын таңдағаны анық. Бұл істе Сіздің тарихи еңбегіңіз зор. Вашингтонда қабылданған Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімді ілгерілетуде елеулі рөл атқарғаныңызды атап өткім келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде қазақ-армян мемлекетаралық байланысы стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілгенін мәлімдеді.

– Бұл іске Сіздің елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысуыңыз айтарлықтай ықпал етті. Қазақ-армян қарым-қатынасын дамытудағы үлкен үлесіңіз бен айрықша еңбегіңізді ескере отырып, бүгін Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың, өзара берік сенімнің және халықтарымыздың келешегі жолындағы ортақ ұмтылыстарымыздың жарқын символы, – деді Президент.

Никол Пашинян Қазақстанның ең жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына алғыс айтып, мұны отандастарына көрсетілген ерекше құрметтің белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.

– Мен үшін бауырлас Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасына ие болу және оны Сіздің қолыңыздан алу – зор мәртебе. Сізді өте тәжірибелі саясаткер, мемлекет қайраткері, дипломат ретінде білеміз. Сондықтан Сіздің берген бағаңыз мен үшін құнды. Бұл марапат екіжақты қарым-қатынасымызды ғана емес, тұтас өңірдің дамуына септігін тигізеді деп сенемін, – деді Армения Премьер-министрі.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару

Заңдар

2026 жылғы 09 қаңтар

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті

2026 жылғы 10 қаңтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті

Жарлық

2026 жылғы 06 қаңтар

Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялау туралы


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің